Жоғары партиялық мектепте жаңа оқу кезеңі басталды

«Нұр Отан» партиясының Орталық аппаратында Жоғары партиялық мектептің жаңа оқу кезеңі ашылды. Өткен төрт айдың ішінде аталған мектепте түрлі аймақтан 200-дей адам дәріс алса, олардың дені - бастауыш партия ұйым төрағалары. ЖПМ құрудың негізгі мақсаты – партиялық қызметінің сапасын және бәсекеге қабілеттілігін, сондай-ақ, партия басшылары мен белсенділерінің, ұйым жетекшілерінің кәсібилігін көтеру. Мұның барлығы еліміздің дағдарыстан кейінгі жаңару кезеңінде аса қажетті әрі маңызды болмақ.
Семинар жұмысын ашқан партия Төрағасының Бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин: «Баршаңызға белгілі, қазіргі уақытта заманға сай білім, тәжірибе болмаса үлкен табыстарға жету, бәсекеге қабілетті болу мүмкін емес. Сондықтан Елбасымыз, партиямыздың Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев әрқашанда партия кадрларының саяси білімін, тәжірибесін күшейту, сапасын көтеру туралы тапсырма беріп келеді. Себебі, Президентіміздің биылғы тарихи Жолдауында көрсетілгендей, еліміздің индустриялық-инновациялық дамуы - алдағы 10 жылдың ішінде ең негізгі бағыттардың бірі. Оны жүзеге асыру жаңа қадамды, жаңа идеяны, жаңа білімді қажет етеді», - деді.
Семинар барысында қазіргі таңда партия межелі жоспарларды жүзеге асыруды бақылау, бағалау және талдау жұмыстарын үйлестіру арқылы кадрлық басымдықты қалыптастыру керектігі айтылды. Ол үшін инновациялық жобаларды жүзеге асыру үрдісіне қатысатын және басқаруға қабілетті, толыққанды дайындықтан өткен басшылар қажет.
Жоғарғы партиялық мектептің жаңа тыңдаушыларына өкілдік және насихат жұмысын қоса атқару міндеті жүктеліп отыр. Сондықтан бүгінгі семинардың негізгі міндеттерінің бірі – елміздің индустриялық – инновациялық даму бағдарламасын толыққанды жүзеге асыруға бағытталған партия қызметі туралы бастауыш партия ұйым жетекшілерінің жан-жақты хабардар болуын қамтамасыз ету.
Тыңдаушылар қатарында тек ұйым жетекшілері ғана емес, сондай-ақ «Алматы халықаралық әуежайы» АҚ, ЖМК республикалық қауымдастығы, «Құқықтық ақпарат республикалық орталығы» РМК сынды басқа да ірі мекеме басшылары бар.
Семинар барысында ҚР Президенті көмекшісі, «Нұр Отан» ХДП Инновациялық комитет төрағасы Бақыт Сұлтанов сөз алды. Ол еліміздегі әлеуметтік-экономикалық бағдарламаларды жүзеге асыру барысы және оған «Нұр Отан» партиясының қосып жатқан үлесі туралы маңызды ақпараттар берді.
Партиялық кадрларға арналған оқу бағдарламасының ерекшелігі мен «Нұр Отан» ХДП Жоғарғы партиялық мектеп қызметінің басым бағыттары туралы мектеп директоры Бақыт Есекина баяндады.
Сонымен қатар семинар барысында «Нұр Отан» ЖПМ веб-сайтының тұсауы кесілді.

Назад


2010-09-08