VII қысқы Азия ойындарына арналған Азияның жас жеткіншектері арасындағы суреттер мен эсселердің халықаралық байқауы жарияланды
Азия ойындары қарсаңында мәдениетті насихаттауға бағытталған іс-шаралар кешені ұйымдастырылатыны белгілі. Осындай іс-шаралардың бірі - 7-16 жас аралығындағы Азия континентінің жас тұрғындары арасындағы Суреттер мен эсселердің халықаралық байқауы. Аталған байқаудың басталғаны туралы «Нұр Отан» партиясы орталық аппаратының ғимаратында 2010 жылғы 6 қыркүйекте өткен брифингте жарияланған болатын.
Аталмыш Халықаралық байқау «Мәдени Азиада» жобасы шеңберінде Азияның Олимпиадалық кеңесі Мәдениет және білім комитетінің қамқорлығымен өз жұмысын бастады. Байқаудың ұйымдастырушысы 7-ші қысқы Азия ойындарын өткізу бойынша Астана дирекциясы болып табылады. Азиаданы ұйымдастыру комитетінің атқарушы дирекциясымен өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандум шеңберінде «Нұр Отан» Халықтық Демократиялық партиясы байқауға ұйымдастыру және ақпараттық қолдау көрсетіп отыр. Байқаудың серіктесі – «Азиада – 2011» жетінші қысқы Азия ойындарының ресми ұялы байланыс операторы GSM Қазақстан/Kcell.
Суреттер мен эсселер байқауы арқылы Азия континентінің жас жеткіншектері 2011 жылғы 7-ші қысқы Азия ойындары туралы өз білімдерін көрсете алады. Байқау шартында қатысушылардың жұмыстармен алмасу мүмкіндігі қарастырылған, бұл Азия континенті елдері арасында мәдени байланыстарды нығайтады, сондай-ақ бүлдіршіндердің шығармашылығы арқылы елдердің мәдениеті және спорт пен өнерге деген ұстанымдары танылады.
«Өнер мен мәдениет Олимпиада ойындарының ажырамас бөлігі болып табылады, сондықтан әр Олимпиадамен қатар өнер додасы ұйымдастырылады. Осындай байқаулар мәдениет пен спорттың арасындағы байланысты нығайтады. Сол себепті 7-ші қысқы Азия ойындары шеңберінде өткізіліп жатқан Суреттер мен эсселердің халықаралық байқауы Азияның Олимпиадалық кеңесі тарапынан қолдауға ие болды. Мен Азияның барлық Олимпиадалық комитеттері байқауға қатысу туралы ұсынысқа назар аударып, үлкен табыстарға қол жеткізетініне сенімдімін», - деді АОК Білім және мәдениет комитетінің төрағасы Фернандо Хемасари байқау қатысушыларына арналған өз үндеуінде.
7-ші қысқы Азия ойындарының Суреттер мен эсселер байқауы Қазақстан және Азияның балалары мен жасөспірімдерін мәдениет, спорт және салауатты өмір салтына назар аударуға үндейді. Азия ойындарына қатысты ерекше идеялары мен өз көзқарастары бар жұмыстар үлкен қолдауға ие болады.
Жас суретшілер ұсынылған үш тақырыптың біреуін таңдай алады:
- Азия ойындары - менің үмітім
- Мен және «Ирби» (7-ші қысқы Азия ойындарының ресми тұмары)
- Астана мен Алматы 2011 жылғы 7-ші қысқы Азия ойындарын қабылдайды.
Эссе авторлары келесі тақырыптарға жаза алады:
- Спорт өмір салты ретінде
- Астана мен Алматы 2011 жылғы 7-ші қысқы Азия ойындарын қабылдайды
- Менің өмірімдегі қысқы спорт түрлері.
Өтініштерді қабылдау 2010 жылғы 1 қарашада аяқталады. Қазақстанның азаматтары өз жұмыстарын байқаудың ұйымдастыру комитетіне тікелей жолдай алады. Азия елдерінің тұрғындары жұмыстарын өз елінің Ұлттық Олимпиадалық комитетіне жіберулері қажет.
27 желтоқсанда Азиаданың қалалық дирекциясының ресми сайтында Ұйымдастыру комитеті мен АОК Білім және мәдениет комитетінің өкілдерінен тұратын төрешілер тобы байқаудың жеңімпаздарын хабарлайды. Оларға Азиада сертификаттары мен кәдесыйлары және Ұйымдастырушылардың басқа да естелік сыйлықтары табыс етіледі.
Байқаудың ерекшелігі - төрт жеңімпаз 2011 жылғы 30 қаңтарда Астана қаласында өтетін салтанатты ашылу рәсіміне шақырылады. Жеңімпаздар 2011 жылғы 30 қаңтар мен 6 ақпан аралығында Астана қаласында өтетін 7-ші қысқа Азия ойындарының барлық өткізілетін іс-шараларына қатысу мүмкіндігіне ие болмақ.
Толық ақпаратты www.asiada.astana.kz сайтынан ала аласыздар.
Қосымша ақпарат алу үшін 70-76-76 телефонына хабарласуларыңызға болады.
2010-09-06



