«Қазақмыс» ЖШС жас еңбеккерлерінің бірінші слеті
Сәтпаев қаласында «Нұр Отан» партиясымен бірлесе ұйымдастырылған «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС жас еңбеккерлерінің алғашқы слеті өтті. Оған Қазақстанның түкпір-түкпірінен 400-ге тарта делегат жиналды. Шараны ұйымдастырушылардың пікірінше, жұмыс тәжірибесі бар жоғары кәсіби маман кез-келген өндірісіке қажет, алайда келешегінен үміт күттіретін жалынды жастарсыз кәсіпорынның болашағы жоқ. Бұл компанияның стратегиясы. Сондықтан да мұнда жас маманға деген ықылас айрықша. Бүгінде «Қазақмыс» ұжымының 40 пайызын жас мамандар құрап отыр.
Форум жұмысын ашқан «Нұр Отан» ХДП Төрағасының Бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин: «Жас еңбекшілерді тәрбиелеу - Елбасымыз, партиямыздың Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ірі компания басшыларына жүктеген негізгі міндеттерінің бірі. Бүгінгі күні партиямыздың бастауыш ұйымы «Қазақмыс» корпорациясы бұл тапсырманы орындауға белсене кірісіп қана қоймай, жас мамандарға арнайы бағдарлама әзірлеп отыр. Онда жастардың білім алуы, біліктілігін жоғарлатуы, ең бастысы, әлеуметтік жағдайы қарастырылған, - деді.
Жастармен жұмыс тиімділігін арттыру мақсатында ағымдағы жылы жас мамандар туралы Ереже мен жас мамандар Кеңесі іске қосылып, қазірдің өзінде аймақтар мен ірі компанияларда құрылды. Мекеме бірінші кезекте, оларды оқыту мәселесіне назар аударып отыр. Бүгінгі таңда кәсіпорын есебінен 1000 адам оқуға қабылданып, олардың 800-ден астамы колледждерде, 200-ге жуығы жоғарғы оқу орындарында білім алуда.
Корпорация басшысы жас еңбеккерлерді жан-жақты қолдау, баспанамен қамтамасыз ету мәселесін шешуге уәде берді. Форум соңында Слетке қатысушылар еліміздің инновациялық дамуы бойынша Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасын қолдаған «Корпорацияның жас еңбекшілері гүлденген Қазақстан үшін!» атты Қазақстан жастарына арналған Үндеу қабылдады. Форум делегаттары екі күннің ішінде көпті көріп үлгерді. Зауыт цехтары мен басқа да өндірістік орындарын аралады, дөңгелек үстелде бас қосты, спорттық жарыстарда додаға түсті, ал ең маңыздысы, жас мамандар өз басшыларынан компанияның болашақ даму бағдары туралы нақты ақпарат алды. Сондай-ақ, тәлімгерлермен, нұротандықтармен кездесу мүмкіндігіне ие болды.
«Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС-і жас жұмыскерлерінің
бірінші Слетіне қатысушылардың Республика жастарына
Ү Н Д Е У І
Біз, «Қазақмыс Корпорациясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жас жұмыскерлерінің бірінші Слетіне қатысушылар, Ұлт Көшбасшысы, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың еліміздегі инновациялық дамыту бойынша жүргізіп отырған саясатын, «Нұр Отан» Халықтық - Демократиялық партиясының бағдарламасын қолдай отырып, мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру мақсатында, Қазақстан Республикасы жастарына үндеу жолдаймыз.
«Қазақмыс» корпорациясында жастарды қолдау мақсатында көптеген ірі игі шаралар жүргізілуде: әлемдік деңгейдегі спорттық нысандар тұрғызылып, политехникалық және технологиялық колледждер ашылып, көптеген мәдени объектілер қызмет көрсетуде. Мектепке дейінгі мекемелер тізбегі дамып, сауықтыру кешендері белсенді жұмыс жасауда. Жас мамандарды оқытудың бүгінгі күн талаптарына сай жүйесі қолданылуда. Жүргізілген ауқымды жұмыстар бізге қол жеткізген жетістіктерімізді әрі қарай кең көлемде дамытуға мүмкіндік береді.
Елдің болашағы үшін өз жауапкершілігімізді сезіне отырып, біз Қазақстан жастарына:
- Әрқашан өзіңнің бейбіт, гүлденген, танымал және әлемде құрметке ие еліңнің – Қазақстан Республикасының патриоты болуға;
- Жоғары нәтижелерге тынымсыз еңбектің арқасында қол жеткізуге болатындығын айқын түсіне отырып, біз жастар, өзіміздің барлық күш-жігерімізді кез-келген қиындықтарды жеңіп, елдің болашақ жетістіктері үшін жағдай жасауға;
- Біз, ХХІ ғасыр ұрпағы, Отанымыз жоғары дамыған индустриалды экономикасы және әлеуметтік қамсыздандырудың тиімді жүйесі бар ел болуына барлық күшімізді жұмылдыруға;
- Оқытудың алдыңғы қатарлы әдістерін пайдалана отырып, өзіңнің білім және интеллектуалдық деңгейіңді үнемі жоғарлату үшін жұмыс істеуге;
- Этникааралық және конфессияаралық келісімді, толеранттық пен шыдамдылық принциптерін барынша қолдауға, біздің ата-бабаларымыздың дәстүрлерін берік есте сақтауға және құрметтеуге;
- Туған жеріміздің табиғаты мен сұлулығын аялауға;
- Әрқашан бастамшыл болуға, өз заманымыздың өскелең ұрпағының жауапты да қайратты өкілі болуы үшін салауатты өмір салтын жүргізіп, өзімізге қажетті қасиеттерді тәрбиелеуге шақырамыз!
Біз, жастар, Қазақстанның гүлденуі үшін күресеміз!
«Қазақмыс Корпорациясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жас жұмыскерлерінің бірінші Слетіне қатысушылар.
2010-09-04



