Қытай Коммунистік партиясы делегациясымен кездесу болды

«Нұр Отан» ХДП Орталық аппаратында партия Төрағасының Бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин Қытай Коммунистік партиясы, Орталық Комитеті Саяси Бюросының мүшесі, Қытай Компартиясы Орталық Секретариатының хатшысы, Қытай Компаратиясы ОК насихаттау министрі Лю Юньшань мырза бастаған Қытай Коммунистік партиясы делегациясымен кездесті.
Өздеріңізге белгілі, біздің еліміз Біріккен Ұлттар Ұйымы, Азиядағы сенім шаралары жөніндегі Кеңес, Шанхай Ынтымақтастық ұйымы аясында белсенді қарым-қатынас жасап келеді. Ал Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастықтың негізі территория бірлігі мен бөлінбеушілік ұстанымында жатыр. Екі ел арасында қаржы, биотехнология, көлік және коммуникация, мұнай-газ салаларының арқасында сауда-экономикалық байланыс та қарқынды дамып келеді.
Кездесу барысында «Нұр Отан» Халықтық Демократиялық партиясы мен Қытайдың Коммунистік партиясының партияаралық байланыс орнаған алғашқы күннен бастап тату көршілік және достық қатынасты нығайтуда, ынтымақтастықты жан-жақты кеңейтуде айтарлықтай үлес қосып жатқандығы айтылды.
Тараптар көптеген мәселелерді талқыға салды. Әңгіме барысында Нұрлан Нығматулин Қазақстан Республикасының Президенті, «Нұр Отан» ХДП Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың партия алдына қойған негізгі тапсырмалары, еліміздің әлеуметтік-экономикалық өмірінде партияның жүргізіп отырған саясаты, партияның Парламенттегі фракциясы жұмысы, партияаралық байланыс пен партияның Жаңа бағдарламасы қабылданатын алдағы партияның XIII-съезі жайлы ақпараттар берді. Нұрлан Нығматулин: «Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынас, соның ішінде партияаралық деңгейде өте қарқынды дамып келеді. Бұл ең алдымен, біздің Көшбасшыларымыз Қазақстан Республикасының Президенті, «Нұр Отан» Халықтық Демократиялық партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев пен Қытай Халық Республикасының Төрағасы, Қытай Коммунистік партиясы, Орталық Комитетінің Хатшысы Ху Цзиньтаоның туыстық-достық қарым-қатынасының нәтижесі деуге болады. Ал екі партия арасындағы партияаралық байланыс туралы айтар болсақ, ол әрине, 2009 жылы қол қойылған Ынтымақтастық туралы Меморандумға сәйкес жүйелі түрде дамып отырады», - деді.
Ішкі саясат жөніне келгенде тараптар Қазақсаннның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы мен ағымдағы жылдың желтоқсан айында Астанада өткізілетін ЕҚЫҰ Саммиті туралы сөз қозғады. Сондай-ақ, Қазақстанның 2010 жылдың маусым айынан бері Шанхай Ынтымақтастық ұйымына төрағалығы, ал 2011 жылға жоспарланған Ислам Конференциясы ұйымына жетекшілігі де назардан тыс қалмады. Сонымен қатар, Қазақстан мен Қытайдың жетекші партиялары «Нұр Отан» ХДП төрағалық ететін Азия Саяси партиялары Бас Ассамблеясы аясында да тығыз қарым-қатынас жасап келеді.
Тараптар түрлі деңгейдегі делегациялық алмасулар, аймақтық партиялық құрылымдар арасындағы байланысты нығайту, жастардың ресми сапарларын ұйымдастыру, партиялық талдау және зерттеу ұйымдары арасында тікелей байланыс орнату жолдарымен қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға мүдделі екендіктерін білдірді.
Кәсіби партиялық кадрларды дайындауда тәжірибе алмасу да әріптестіктің басым бағыттарының бірі болмақ.

Назад


2010-09-03