Қазақстан Республикасы Президенті Кубогы үшін шайбалы хоккейден алғашқы халықаралық жарыстың ашылу салтанаты өтті
Астанада «Қазақстан» спорт сарайында Қазақстан Республикасы Президенті Кубогы үшін шайбалы хоккейден алғашқы халықаралық жарыстың ашылу салтанаты өтті. Спорттық доданың ұйымдастырушылары «Нұр Отан» Халықтық Демократиялық партиясы мен Қазақстанның шайбалы хоккей федерациясы. Жарыстың ақпараттық демеушісі «Нұр-Медиа» ақпараттық-холдингі.
Сайыстың ашылу салтанатына «Нұр Отан» ХДП Төрағасының Бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин, Қазақстанның шайбалы хоккей федерациясының президенті Асқар Мәмин қатысты.
Өз сөзінде «Нұр Отан» ХДП Төрағасының Бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин: «Елбасымыз, партиямыздың Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ерекше қолдауының, қамқорлығының арқасында еліміз барлық салада, соның ішінде спортта да бүкіл әлемге танылып отыр.Сондықтан белгілі, талантты ойыншылар жиналған бүгінгі жарыстың да өз орны, өз жолы болады деп сенеміз. Барлықтарыңызға тек ғана табыс, тек ғана жеңіс тілейміз!», - деді.
Еліміз тұрғындары арасында жалпы спортты насихаттауға бағытталған мақсатты жұмыстар «Нұр Отан» Халықтық Демократиялық партиясының басым бағыттарының бірі болып саналады. «Нұр Отан» партиясы ауқымды спорттық шараларды ұйымдастыра отырып халықты кең көлемде спортқа тарту, жастар арасында патриоттық тәрбиені қалыптастыру міндетін жүктейді. Жарысқа төрт елдің өкілдері – Ресей Федерациясынан, Латвиядан, Белорусь елінен және Қазақстаннан командалар қатысады. Сайыс жанкүйерлері Континенталды хоккей лигасының жұлдыздары, әлемдік және олимпиадалық ойын жеңімпаздары Мәскеудің «Атлант», Минск мен Рига қаласының «Динамо» және өз отандастармыз «Барыс» командаларының ойындарын тамашалай алады.
2010-08-10



