«ЕҚЫҰ дағдарыстан кейінгі жұмысын жетілдіру басымдықтары» тақырыбында семинар өтті

ЕҚЫҰ Саммитін ағымдағы жылдың желтоқсан айында Астанада өткізу жаңа Қазақстан тарихындағы маңызды, айтулы оқиға. Қазақстан аталған ауқымды халықаралық форумды өткізгелі отырған ТМД мен Азия елдері арасындағы тұңғыш мемлекет. Сондықтан Саммитке дайындық пен өткізу үрдістері айтарлықтай қоғамдық-саяси маңызға ие. «Нұр Отан» Халықтық Демократиялық партиясының Орталық аппаратында «ЕҚЫҰ дағдарыстан кейінгі жұмысын жетілдіру басымдықтары» тақырыбында семинар өтті.
Семинар жұмысын ашқан «Нұр Отан» ХДП Төрағасының Бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин: «Өздеріңіз білесіздер, елімізді осындай жоғары деңгейге жеткізген Президентіміздің бастамаларын қолдау мақсатында «Нұр Отан» партиясы да ауқымды жұмыстар атқарып келеді. Біз алдағы уақытта да Елбасымыздың тапсырмасына, еліміздің Еуропалық Қауіпсіздік және Ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуіне, Астанада өтетін Саммитке байланысты жұмыстарды абыроймен жалғастырамыз деп сенеміз», - деді.
Семинарға қатысушылар ЕҚЫҰ-ға Қазақстанның төрағалық етуін аталған ұйымның назарын Еуразия қауіпсіздігіндегі өзекті мәселелерге аудару және ықпал ету, сол арқылы ЕҚЫҰ жауапкершілік аясын Еуропадан Еуразияға дейін кеңейту мүмкіндігі ретінде қарауға болады – деп санайды. Бұл тақырып Қазақстандағы ЕҚЫҰ орталығының басшылары, Президент әкімшілігі мен Қазақстан СІМ-нің ЕҚЫҰ мәселелерімен айналысатын өкілдер, ұлттық және халықаралық сарапшылар мен саястакерлер қатысқан семинарда кеңінен талқыланды.

Назад


2010-08-10