«Мемлекеттік бағдарламаның орындалуына азаматтық бақылау» республикалық акциясы
2010 жылғы 15 шілде мен 15 тамыз аралығында «Нұр Отан» Халықтық Демократиялық партиясы ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігімен бірлесе Қазақстан Республикасының Президенті, партия Төрағасы Н.Ә. Назарбаевтың әлеуметтік-маңызды бағдарламаларын іске асыруға партиялық бақылауды ұйымдастыру бойынша тапсырмаларын орындау үшін «Мемлекеттік бағдарламаның орындалуына азаматтық бақылау» акциясын өткізеді.
Әр облыста, Астана және Алматы қалаларында аймақтық қаржылық полиция органдарының, прокуратураның жауапты қызметкерлері, партия қызметкерлері, партиялық бақылау постыларының басшыларынан «Жол картасы», «100 мектеп, 100 аурухана», «Ауыз су» және басқа мемлекеттік бағдарламаларын іске асыру барысына кешенді тексеруді өткізу мақсатында жұмыс тобы құрылуда.
Акция барысында жоғарыда аталған бағдарламалар шеңберінде іске асырылатын аймақтардағы нақты объектілерге арнайы көшпелі рейдтер жүргізілетін болады, оның барысында бағдарламаға объектілерді қосудың негізділігі, мақсатты пайдаланылуы, бағдарламаны іске асыру кезінде заңнамалық норманың орындалуы тексеріледі.
Барлық анықталған заңнаманы бұзушылықтар, оның ішінде жемқорлық фактілері, уәкілетті органдардың қарауына бағытталады және аймақтық Партиялық бақылау комиссияларының және Жемқорлықпен күрес жөніндегі қоғамдық кеңестердің отырыстарында талқыланады.
2010-07-22



