Қазіргі таңда мемлекеттік және жалға берілетін пәтерлер мәселесі ең өзекті тақырыптардың бірі

«Нұр Отан» партиясының Қоғамдық қабылдауына түскен көптеген шағымдар көрсеткеніндей пәтерлер бөлуде түрлі заңсыздықтарға жол берілуде. Осы жағдайдың мән-жайын анықтау мақсатында партия жанынан арнайы сараптамалық комиссия құрылып, оның құрамына Парламент депутаттары, Бас прокуратура, Қаржы полициясы, Қаржы министрлігі, Құрылыс және тұрғын-үй-коммуналдық шаруашылық істері жөніндегі Агенттік, БАҚ өкілдері кірді.
«Нұр Отан» партиясының Орталық аппаратында Жемқорлықпен күрес жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің 16-шы отырысы өтіп, Астана, Алматы қалалары мен Павлодар, Оңтүстік Қазақстан облыстары бойынша мемлекеттік тұрғын үй қорынан бөлінген пәтерлерді тарату бойынша талдау нәтижелері қаралды.
Сараптамалық комиссия тұрғын үй құрылысын дамытудың 2008 -2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру тексерілген өңірлерде талапқа сай келмейді, жергілікті атқарушы орган
өрескел заң бұзушылықтарға жол берген деген қорытындыға келді.
Мәселен, Павлодар облысында «Қалалық коммуналдық шаруашылығы» мемлекеттік кәсіпорны арқылы пәтерлер кезексіз таратылған. Оның үстіне бұл кәсіпорынның балансында жатақханадан бөлінген 42 бөлме ғана бар. Талдау нәтижесі көрсеткендей тиісті бақылаудың жоқтығынан баспана алғандардың тең жартысы (21) ешқандай заңды құжатсыз орналасқан болып шықты.
Оңтүстік Қазақстан облысының Арыс қаласы, Ордабас, Сарыағаш, Сайрам, Мақтаарал, аудандарында да пәтер беруде кезек сақталмағаны тіркеліп отыр. Сайрам ауданында 2010 жылға дейін баспанаға мұқтаждарды кезекке қою жұмысы жүйесіз жүргізілген. Аудандық коммуналдық шаруашылық бөлімінің қызметкерлері 5 пәтердің кімге берілгені туралы құжатты көрсете алмады.
Ал Шымкентте ауыз сумен, электр қуатымен, көгілдір отынмен қаматамсыз ету мәселелері шешілмеген үйлердің таратылғаны анықталды.
Баспана беру кезіндегі заңсыздықтар Алматы қаласында да тіркелді. Бұл жерде тұрғын-үй комиссиясы құрылмаған, баспана алуға кезекке тұрған азаматтардың бірыңғай тізімі жасалмаған.
Алматы қаласының прокуратурасы пәтерлер тарату кезінде орын алған көптеген заң бұзушылықтарды, пәтердің тиісті санатқа жатқызылмайтын адамдарға берілгенін, Мемлекеттік бағдарлама аясында үй алу үшін отбасы құрамына артық адамдар тіркелгенін анықтады. Сондай-ақ, «Алматы қаласы тұрғын-үй басқармасы» ММ мемлекеттік тұрғын-үй қорынан жоғарғы органдардың тапсырмасы, өтініші бойынша заңсыз үй берілгені белгілі болды.
Ал ең көп заң бұзушылық Астана қаласында анықталды. Мұнда соңғы екі жылда пәтерге мұқтаж жандар кезегі екі есеге артқан. Тексеру барысында анықталғанындай, 2008-2010 жылдар аралығында Астанада барлығы 1 130 пәтер беріліп, оның 78 пайызы ешқандай кезек тәртібі сақталмастан «Қалалық жылжымайтын мүлік» мекемесі (МКК) арқылы таратылған.
125 пәтер әкімшілік пен соған қарасты мекеме қызметкерлеріне берілген, олардың тек 41-і ғана кезекте тұрған.
«Қалалық жылжымайтын мүлік» мекемесі (МКК) өзінің балансында жоқ пәтерлерді таратқан. Сонымен қатар кәсіпорындарға бөлінген 884 баспананың 424-і азаматтарды орналастыру сәтінде кәсіпорын балансына өтпек түгілі, әлі пайдалануға да берілмеген тұрғын үй кешендерінде болған. Соның салдарынан алты айдан астам уақыттан бері тұрғындардан жалдау құнын алынбаған.
Тұрғын үйлерді пайдалануға беру кезінде Мемлететтік комиссияның қабылдап алу актісің болмауы және адамдарды орналастыру кезінде тұрғын үй комиссиясының шешімінсіз келісім – шарттың жасалуы сияқты тәртіп бұзушылық пен заңсыздық жүйелі түрде орын алып келеді.
Жемқорлықпен күрес жөніндегі республикалық қоғамдық кеңес жиынына талқыланып отырған мәселе бойынша есеп беруге тиісті орган жетекшілері шақырылды.
Орын алған заңсыздықтардың өзектілігін атай келіп, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин: «Президентіміз Астанада жедел тұрғын үй салу үшін барлық жағдайды жасады. Үкімет те өте көп қаржы бөлді. Соған қарамастан, Астанада пәтер кезегінде тұрған мемлекеттік қызметкерлер мен жас отбасылар саны жылдан жылға артып отыр. Оның себебі Астана әкімшілігі үйлерді заңсыз таратқан. Бір емес, 181 пәтер әлеуметтік топқа да, мемлекеттік қызметке де саналмайтын адамдарға берілген. Мысалы, серіктестік басшысы, акционерлік қоғам қызметкері, зиялы қауым, бастықтың жүргізушісі тағы басқалар. Ал бұл олардың емес, қарапайым мемлекеттік қызметкерге берілетін үй. Әрине, өнер адамдарына, басқа адамдарға үй берілсін, ол дұрыс, бірақ, оның бәрін заң бойынша жасау керек қой. Бір қаланы бөліп алып, жеке билік жүргізіп, мемлекет мүлкін тарату, заңды елемеу бұл-нағыз бассыздық», - деді.
Сондай-ақ, «Нұр Отанның» қоғамдық қабылдау бөлімінің ақпаратына сүйенсек, пәтер мәселесі бойынша өткен бір жылда 5 мыңнан астам шағым түссе осы жылдың 5 айының ішінде 2788 шағым тіркеліп отыр.
Қоғамдық кеңес мүшелері мұндай жүйелі түрде жасалынып жатқан іс-әрекет жемқорлықтың етек алуына жол ашады деген қорытындыға келді. Сондай-ақ жиында аталған төрт облыс бойынша жинақталған барлық заң бұзушылықтар туралы ақпараттар Үкіметтке және тиісті құқық қорғау органдарына жолданатыны туралы айтылды.

Назад


2010-07-01