Балалар «Нұр Отанның» назарында

Еліміздің әр өңіріндегі балалар үйінің тәрбиеленушілері нұротандықтардың басты назарында, «Нұр Отан» партиясы Қазақстан көлемінде Балаларды қорғау күнінің құрметіне кең ауқымды акция өткізді. Партия Төрағасының Бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин Тараздағы К. Сарымолдаев атындағы №1 балалар үйінің тәрбиеленушілерін мерекемен құттықтады.
К. Сарымолдаев атындағы №1 балалар үйінде 170 бала тәрбиеленуде. Олардың тәрбиесіне, білім алуына, жан-жақты дамуына барлық жағдай жасалған. Бейнелеу және декоративті - қолданбалы өнер, спорттық, көркем-эстетикалық, еңбекке баулу, лингвистика салалары бойынша барлығы 16 үйірме табысты жұмыс атқаруда.
Әсіресе, тәрбиеленушілердің әлеуметтік көмек жағдайына айрықша назар аударылады. Атап айтар болсақ, тұрғын үймен қамтамасыз ету, материалдық көмек мәселелері өз шешімін табуда.
Аталған мекеме түлектері қоғамға еркін бейімделіп, кәсіби мектептерде, лицеи, колледждерде және жоғарғы оқу орындарында білім алуда. Нұрлан Нығматулин балалар үйінде балдырғандармен тілдесіп, партия атынан сыйлықтар табыс етті.
Сондай-ақ, «Жол картасы еңбекпен қамтамасыз ету» бағдарламасы аясында шешілуге тиіс жұмысссыздардың еңбекпен қамтамасыз етілуі, азаматтарды қосымша мамандық бойынша қайта даярлау сұрақтары да «Нұр Отан» партиясының тұрақты бақылауында.
Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мен «Жол картасы» Бағдарламасы нысандарында партиялық бақылау бекеттері құрылған.
Нұрлан Нығматулин олардың Жамбыл облысы бойынша жұмысымен танысты.
Ол 50 адамды «Электромеханикалық құрылғыларды жөндеу, қызмет көрсету, пайдаға беру», «Құрылыс және ғимараттар мен құрлыстарды пайдаға беру» мамандықтары бойынша кадрларды қайта дайындау курстарында оқытып жатқан Жамбыл политехникалық колледжінде болды.
Жалпы «Жол картасы еңбекпен қамту» бойынша мемлекеттік тапсырыс негізінде 120 адам төмендегі техникалық мамандықтар бойынша дайындықтан өтуде. Олар: «Бақылау-өлшем құрылғылары және автоматика», «Электромеханикалық құрылғыларды жөндеу, қызмет көрсету, пайдаға беру», «автокөлікті жөндеу, қызмет көрсету, пайдаға асыру», «Көгілдір отын және мұнай кен орындарын пайдаға асыру».
Атқарылып жатқан жұмыстардың маңыздылығын айта келіп, Нұрлан Нығматулин: «Елбасымыз, партиямыздың Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес Жол картасы бағдарламасы биыл да өз жалғасын тауып отыр. Қазақстанның барлық аймақтарында Жол картасына кірген барлық нысандарда "Нұр Отан" партиясының бақылау бекеттері де жұмыс жасауда. Сол арқылы біз азаматтардың қосымша білім алуына, жұмыспен қамтамасыз етілуіне және басқа да әлеуметтік сұрақтарға ерекше назар аударып отырмыз»,-деді.
Жамбыл облысында да жасотандықтардың бастамасымен Ақтөбеден басталған аумақты көгалдандыру, көркейту жұмыстары бойынша акция өз жалғасын табуда. Акция кезінде өңірде спорттық ғимараттар, әлеуметтік-маңызды нысандар жөнделіп, аулалар мен соған жақын аумақтар ретке келтірілетін болады. Бұл акцияда жергілікті билік органдарымен бірлескен тәртіпте қолға алынады.
Партияның тағы бір маңызды бағыттарының бірі ретінде Қоғамдық қабылдау жұмыстарын атауға болады. Жамбыл облысына сапарында Нұрлан Нығматулин азаматтарды қабылдады. Олар шағын және орта бизнес, аудандық деңгейдегі мемлекеттік емес ұйымдар мәселелерін шешу, К.И Скрябин атындағы мұражай-үйді қайта қалпына келтіру мен күрделі жөндеу жұмысына көмек көрсету сынды түрлі жағдайларды айтып, барлығы өз сауалдарына тиісті жауап алды.

Назад


2010-06-01