«Ауылдың гүлденуі — Қазақстанның гүлденуі» жастар марафон-эстафетасына қатысушылардың Қазақстан Республикасы жастарына ҮНДЕУІ
Құрметті замандастар! Қазақстан Республикасының жастары!
Біз, нақты перспективасы мен кемел даму стратегиясы бар, берік тұрақтылық орнаған Қазақстанда өмір сүріп жатырмыз.
Біз, жас ақтөбеліктер, бұның бәрі Қазақстан халқының еңбекқорлығы және еліміздің көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасында мүмкін болғандығын білеміз.
Қолда барды ұқсатып, көбейте отырып, туған елімізді одан әрі гүлдендіру жолында еңбек етуіміз керек.
2010 жылдың ақпанында «Нұр Отан» Халықтық-Демократиялық партиясы Ақтөбе облыстық филиалының «Жас Отан» жастар қанаты еліміздің дағдарыстан кейінгі даму және Қазақстанның жаңа онжылдықтағы жаңа мүмкіндіктерді жүзеге асыру стратегиясын қолдау мақсатында жастардың кең ауқымдағы акциясын өткізу жөнінде бастама көтерді.
Біздің бастамамызды аймақтың жастары мен еңбек ұжымдары ғана емес, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың да тікелей қолдағанын мақтаныш етеміз!
Біз, облыс елді мекендерін көріктендіру, әсіресе, ауылдарда әлеуметтік нысандар салу мен жөндеу мәселесіне ерекше назар аударамыз.
Біз, патриоттар, туған жеріміздің, өскен өлкеміздің гүлдене беруін қалаймыз. Ауылдарда жасампаз жұмыстар жасалып, ондағылар бақуатты өмір сүруі тиіс. Біз, бойымызда бұла күшіміз бар жастар, нақты істерді жасай алатындығымызға сенімдіміз. Ауыл — біздің халқымыздың салт-дәстүрінің, мәдениеті мен тарихының, тілінің бастауы, қайнар көзі. Жастардың өздерінің кіші Отаны — ауылды гүлдендіру идеясы астында бірігуі — бұл өскелең ұрпақты туған жерге деген сүйіспеншілік һәм патриотизм рухында тәрбиелеудің тамаша үлгісі.
Егер біздің әрқайсысымыз ардагерлер мен ата-аналарымызды қуанышқа бөлеп, інілеріміз бен қарындастарымызға үлгі көрсете отырып, өзіміздің дүниеге келген үйіміз бен балалығымыздың ізі қалған көшемізде, гүлзарлар мен саябақтарда, ауылдың айналасында жас көшет отырғызатын болсақ, Қазақстанымыз жақын жылдарда жасыл орманға айналары хақ.
Бүгін Ақтөбеде «Ауылдың гүлденуі — Қазақстанның гүлденуі» атты облыстық жастар марафон-эстафетасы тізгін қағады.
Еңбек вахтасында 70 мыңға жуық ақтөбелік сапқа тұрды. 300 мыңнан астам көшет отырғызылды. Өзендер мен көлдердің аңғарлары тазартылды. Жол бойы аумағы мен көшелер, гүлзарлар мен саябақтарды көріктендіру жұмыстары басталып кетті. Біз 380-нен астам елді мекенді көгалдандырып, 200-ден астам ауылдық спорттық кешенді өз қолымызбен жасақтауды міндетке алып отырмыз. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса береді.
Біз, жастар акциясын ұйымдастырушылар мен оған қатысушылар, сіздерді бүкіл республика аумағында біздің бастамамызды қолдап, қатарымызға тұруға шақырамыз.
Алда келе жатқан мерейтой — Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерекесін нақты істер және нәтижелермен қарсы алайық!
Біздің ұран — Гүлденсін Қазақстан!
28 мамыр 2010 жыл.
Ақтөбе қаласы.
2010-05-28



