Үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыру аясында Ақтөбе облысында қолға алынған 31 нысан партияның айрықша бақылауында
«Нұр Отан» Халықтық Демократиялық партиясы Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес әлеуметтік маңызы бар мемлекеттік бағдарламалардың, бірінші кезекте үдемелі индустриалды-инновациялық бағдарламасының жүзеге асырылуын бақылауға алады. Қазіргі таңда индустриалдық жобалардың дені Ақтөбе облысында қолға алынуда. «Нұр Отан» партиясы барлық нысандарда партиялық бақылау бекеттерін ашты. Жергілікті жердегі жұмыс барысымен танысу мақсатында партия Төрағасының Бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин Ақтөбе облысына барды.
Сапар барысында ол Көктау ауылындағы «Ақтөбе мыс компаниясы» кен байыту фабрикасында, «Восход» хром кеніші кен байыту комбинатында болып, «Ақтөбе Орталық» ЖШС көлік-логистикалық орталығының құрлыс барысымен танысты.
Ақтөбе мыс компаниясы №2 мыс және мыс-мырыш кенін өңдеу фабрикасын іске қосуды жоспарлап отыр. Бұл фабрика ағымдағы жылдың маусым айынан іске қосылады. Жобаның жалпы құны 68,4 млн. АҚШ долларын құрайды. Құрлыс жұмысы толықтай «Нұр Отан» партиясының бақылауында болды.
«Восход» хром кеніші кен байыту комбинаты құрамында бірнеше нысандар бар. Олар: жерасты шахтасы кеніші, кен байыту фабрикасы, теміржол терминалы және басқа да қосымша инфрақұрылымдық бөлімдер. Жобаның жалпы құны 168,0 млн. АҚШ долларын құрайды.
«Ақтөбе Орталық» ЖШС көлік-логистикалық орталығының қаланың әлеуметтік-экономикалық даму стратегиясы үшін маңызы зор. Басқару процесін автоматтандыру үшін қойма көлемін тиімді пайдалануға мүмкіндік беретін WMS технологиясы пайдаланылады. Қойма терминалдары өндірісті нақты мерзім режимінде басқаруға мүмкіндік беретін заманауи жабдықтарды қолдана отырып, түрлі тауарларды қабылдауға, сақтауға, іріктеу мен тиеуге арналған. Жобаның жалпы құны 27,4 млн. доллар.
Партиялық бекеттер мүшелері құрлыс барысын, бөлінген қаржының тиімді пайдаланылуын, жұмыс кестесінің орындалуын, сондай-ақ, құрылыс сапасын үнемі бақылап отыратын болады. Түрлі мәселелерді дер кезінде шешуге жол ашатын атқарушы билікпен етене байланыс орнатылған.
«Нұр Отан» ХДП Төрағасының Бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин партиялық бақылау бекеттері жұмысының маңыздылығын айта келіп: «Ақтөбе облысында еліміздің индустриалды-инновациялық дамуына арналған ірі, маңызды жобалар өте көп. Сондықтан біз Елбасымыздың, партия Төрағасының тапсырмасына сәйкес барлық жобалар бойынша партиялық бақылау бекеттерін аштық. Сол арқылы бөлінген қаражаттың жұмсалуын, уақытында іске қосылуын және сапасының жоғары болуын бақылауға алып отырмыз»,-деді.
Ақтөбе облысында болған кезінде Нұрлан Нығматулин сондай-ақ, 28 мамырда басталған «Ауылдың гүлденуі – Қазақстанның гүлденуі» жастар акциясына қатысты.
Ақтөбе қаласының орталық алаңында митинг өтіп, жастар марафоны-эстафетасына қатысушыларға еңбек жолдамасы табыс етілді. Митингке 20 мыңнан астам жастар қатысты.
Акция барысында жастар ауылды, елді мекендерді күл-қоқыстан тазартып, көгалдандыру және абаттандырудан өзге тарихи ескерткіштер мен облыс үшін маңызды орындарды қалпына келтіруге ат салысып, сондай-ақ әлеуметтік маңызды нысандардың құрлысына қатысуда.
Нұрлан Нығматулин сондай-ақ, ең ірі жастар отрядының бірі жұмыс істеп жатқан Қарғалы поселкесінде болды.
«Ауылдың гүлденуі – Қазақстанның гүлденуі» жастар акциясы туралы сөз еткенде Нұрлан Нығматулин: «Елбасымыз, партиямыздың Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жастардың бұл қадамына «еліміз тәуелсіздігінің 20 жылдық тойына жасалған лайықты тарту»,- деп жоғары баға беріп отыр. Сондықтан Ақтөбе облысынан басталған бұл акция еліміз үшін өте маңызды және өте үлкен жұмыс екені сөзсіз. Себебі әр ауылдың, әр қаланың дамуы бұл мемлекетіміздің өркендеуі»,-деп атап өтті.
Нұротандықтардың акциясы республикамыздың барлық елді мекендерінде өтетін болады.
Ақтөбе жастары барлық Қазақстан жастарын акцияға белсене ат салысуға шақырған Үндеу қабылдады.
2010-05-28



