«Нұр Отан» ХДП Жоғарғы партиялық мектебінің тұсаукесері өтті

Партияның Орталық аппаратында «Нұр Отан» ХДП Жоғарғы партиялық мектебінің тұсаукесері өтті. ЖПМ құру қажеттілігі Қазақстан Республикасы Президентінің Жолдауында айтылған Қазақстанның дағдарыстан кейінгі даму стратегиясын жүзеге асыру қарқынын арттыруға байланысты туындап отыр. Себебі бұл жұмыс партияның Орталық аппаратынан бастап бастауыш ұйымдарға дейінгі барлық партия құрылымдарының жұмыс тәсілі мен түрін сапалы деңгейде жаңалауды қажет етеді.
Партияның XII-ші съезінде сөйлеген сөзінде Елбасы, партия Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев партия кадрларының көшбасшылық қыры мен кәсіпқойлығын үнемі арттырып отыру үшін партиялық-саяси оқу жүйесін күшейтудің маңыздылығын атап өткен болатын. Аталған тапсырманы орындау барысында, сондай-ақ, орталық және аймақтық деңгейде партиялық-саяси оқу жүйесін нығайту, партияның әлеуетін, бастауыш партия ұйымдары басшыларының және қызметкерлерінің кәсіпқойлығы мен бәсекеге қабілеттілігін көтеру мақсатында Жоғарғы партиялық мектеп құрылды.
Алғашқы дәріс бойынша «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин сөз алып: «Елбасымыз, партиямыздың Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев әрқашанда партия мүшелерінің санын емес сапасын көтеру, жаңа қадамдар жасау туралы тапсырма беріп келеді. Аз уақыт бұрын өткен партияның Саяси кеңесі Бюросында да Президентіміз партия жұмысын жетілдіру жайын ерекше атап өткен болатын. Сондықтан бүгінгі жоғарғы партиялық мектептің ашылуы сол тапсырманың орындалуының бір көрсеткіші деуге болады», - деп атап өтті.
Жоғарғы партиялық мектептің алғашқы тыңдаушылары бастауыш партия ұйымдарының хатшылары болды. Бұл «Нұр Отан» партиясының аймаққа баса назар аударып отырғанының дәлелі. Оқу барысында партия мүшелері тек білім алып қана қоймай, әріптестерінің іс-тәжірибесімен бөлісуге мүмкіндік алады. Бұл Елбасының Жолдауын жүзеге асыру жолында қатардағы партия мүшелері үшін өте маңызды болмақ.
Ағымдағы жылдың қыркүйек айында Ақтөбеде елімізідің батыс облысы бойынша ЖПМ филиалын, ал келер жылы Қазақстанның барлық аймақтарында оқу үрдісін қамтуға мүмкіндік беретін тағы да үш аймақтық бөлім ашу жоспарланып отыр.
Сертификат алған мектеп түлектері партияның кадрлық резервіне есепке алынып, одан әрі жоғары партиялық-саяси қызметтерге орналасуға ұсынылатын болады.

Назад


2010-05-26