«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік коридоры жобасы партия бақылауында
«Нұр Отан» Халықтық Демократиялық партиясының Орталық аппаратында Мемлекеттік қаражаттың пайдаланылуын бақылау жөніндегі комиисияның кезекті отырысы өтеді. Отырыста «Батыс Еуропа – Батыс Қытай халықаралық транзиттік коридоры жобасының іске асырылу барысы туралы» мәселе қаралды.
Мемлекет Басшысы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша «Нұр Отан» Халықтық Демократиялық партиясы әлеуметтік-маңызды мемлекеттік бағдарламалардың, бірінші кезекте Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға бақылауды жүзеге асырады. Қазіргі таңда осы Бағдарламаның негізгі жобаларының бірі «Батыс Еуропа – Батыс Қытай халықаралық транзиттік коридорының құрылысы болып табылады.
Осыған байланысты, ағымдағы жылғы наурыз айында «Нұр Отан» ХДП Партиялық бақылау комитетінде арнайы Сараптама тобы құрылды. Оның құрамына Парламент депутаттары, Партия орталық аппаратының жауапты қызметкерлері, мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері кірді. Жоба іске асырылып жатқан Ақтөбе, Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстарында 5 қоғамдық қабылдау бөлмелері және 26 партиялық бақылау постылары құрылды.
Депутаттар және Сараптама тобының мүшелері бірқатар жұмыстар жүргізді: жол бойында салынып жатқан аймақтардағы құрылыс барысы тексерілді, Көлік және коммуникация министрлігінің және жергілікті атқарушы органдардың жауапты қызметкерлерімен бірлесе осы жоба бойынша барлық нормативтік және техникалық құжаттар тексерілді.
Сараптама тобының отырысына дайындалған материалдарда құрылыс объектілерінде болып, Жобаны іске асыру барысына мониторинг жасалған ақпараттар мен жұмысты ұйымдастырудағы проблемалар, қолданыстағы заңнамаларды бұзу туралы мәліметтер бар. Құрылыс үшін қажетті табиғат байлықтарын пайдалануға және жер учаскелеріне құқықтарын ресімдеу мерзімдері бұзылған. Отандық жол салушылар халықаралық қаржы институттарының ережелері бойынша өткізілетін тендердегі шетел компанияларымен бәсекегеге түсуге дайын еместігі анықталды.
Отырыста Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрі Әбелғазы Құсайынов баяндама жасады.
Отырыс барысында комиссия мүшелері Көлік және коммуникация министрлігінің жауапты қызметкерлері және мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері арасында проблемаларды шешу механизмдері пысықталады, Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына стратегиялық маңызы бар Жобаларды іске асыруға партиялық бақылауды күшейту бойынша алдағы өткізілетін шаралар белгіленеді. Қатысушылардың білдірген пікірлері ескеріле отырып, ұсыныстар жобасы қабылданды.
2010-05-20



