«Елім деп соққан жүрегім» жалпы республикалық шығармашылық байқауы
«Елім деп соққан жүрегім» жалпы республикалық шығармашылық байқауының басталуы «Нұр Отан» Халықтық Демократиялық партиясы Орталық аппаратының ғимаратында өткен брифингте хабарланды.
2009 жылғы 15 мамырда өткен «Нұр Отан» ХДП кезектен тыс ХІІ съезінде ел Президенті, партия Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев партия мүшелерін Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығын мерекелеу дайындығына үлкен көңіл бөлуге шақырды. Ұлт көшбасшысы өз сөзінде: «...Мерейтойды мерекелеу қазақстандық мемлекеттілікті және патриотизмді нығайтуға ықпал етуі тиіс. Бұл күнді экономикадағы, әлеуметтік саладағы, ғылымдағы және мәдениеттегі жаңа жетістіктермен қарсы алу керек ...» деген болатын.
Мемлекет Басшысы берген тапсырмалар белсенді іске асырылуда, «Нұр Отан» Халықтық Демократиялық партиясы барлық қазақстандықтар үшін ерекше күнді мерекелеуге арналған іс-шаралар кешенін өткізіп отыр.
Осындай іс-шаралардың бірі «Нұр Отан» партиясының бастамасымен өткізілетін «Елім деп соққан жүрегім» жалпы республикалық шығармашылық байқауы болып табылады. Оның мақсаты - ел халқының шығармашылық әлеуетін білдіру арқылы тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстан Республикасының қол жеткізген жетістіктерін көрсету.
Осы шығармашылық байқауды өткізу идеясы ел халқы үшін Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығын алдағы мерекелеудің идеологиялық маңыздылығынан ғана емес, сонымен қатар «Нұр Отан» партияның қоғамдық қабылдау бөлмесіне республика халқынан келіп түсіп жатқан әр түрлі деңгейдегі жобалардың, шығармашылық идеялардың және шығармалардың да ықпалы әсер етті.
Қазақстан азаматтарына өздерінің шығармашылық қабілеттерін көрсетуге, Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бергі қол жеткізген жетістіктерге арналған шығармалармен ел халқын таныстыруға мүмкіндік беру үшін «Нұр Отан» Халықтық Демократиялық партиясы осы шығармашылық байқауды өткізуге бастама жасады.
Шығармашылық байқауды үш номинация бойынша өткізу жоспарланып отыр: «Ең үздік өлең», «Ең үздік әңгіме (эссе)», «Ең үздік авторлық ән». Қазіргі таңда еліміздің барлық аймақтарында байқау комиссиялары құрылған. Олардың құрамына ірі қоғамдық-саяси қайраткерлер, шығармашылық интеллегенцияның беделді өкілдері, бұқаралық ақпарат құралдарының, қауымдастықтардың өкілдері кіреді.
Шығармашылық байқаудың қорытындысы бойынша ең үздік шығармашылық шығармалар іріктеліп, олардың авторлары ақшалай сыйлықтармен марапатталады. Олардың жұмыстары Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған шығармалар жинағына енгізіледі.
2010-05-14



