«Нұр Отан» ХДП жанындағы Мемлекеттік қызметтер мен рұқсат беру құжаттарының сапасы мен қолжетімдігін бақылау және мониторинг жөніндегі Республикалық қоғамдық кеңестің отырысы өтті

Астанада «Нұр Отан» ХДП жанындағы Мемлекеттік қызметтер мен рұқсат беру құжаттарының сапасы мен қолжетімдігін бақылау және мониторинг жөніндегі Республикалық қоғамдық кеңестің отырысы өтті. Кеңес отырысына «Нұр Отан» ХДП Төрағасының Бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин, Денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, үкіметтік емес ұйым өкілдері қатысты.
Жиын бейнемәслихат түрінде өтті, бұл жергілікті атқарушы орган мен партия филиалдары жетекшілерінің, мемлекеттік қызметтер мен рұқсат беру құжаттарының сапасы мен қолжетімдігін бақылау және мониторинг жөніндегі аймақтық қоғамдық кеңес мүшелерінің мәселені талқылауға қатысуына мүмкіндік берді.
Қазақстанда денсаулық сақтау жүйесін реформалау аясында үстіміздегі жылдың 1 қаңтарынан бастап Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі (БҰДЖ) енгізілді. Жаңа бастамаға «Нұр Отан» ХДП мониторинг және қоғамдық бақылау жүргізіп отыр.
Осы мақсатта Қазақстанның медициналық ұйымдарының базасында үстіміздегі жылдың қаңтарынан бастап партиялық бақылау постылары жұмыс істейді. Республика бойынша барлығы 316 пост құрылған. Медициналық қызметтерді тұтынушы халықтан, сондай-ақ медицина қызметкерлерінің өздерінен медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімдігіне қатысты көптеп шағымдар түсуіне байланысты БҰДЖ енгізу мәселесі Кеңестің мұқият бақылау нысанына айналды.
Кеңес мүшелері мен партиялық бақылау постылары жүргізген мониторинг барысында БҰДЖ енгізуге байланысты бірқатар проблемалар айқындалды. Олар: дәрі-дәрмекпен қамтудың нашарлығы; медицина кадрларының, әсіресе, арнайы мамандардың тапшылығы; «АИС-Стационар» бағдарламалық нашар қамтамасыз ету; ауылдық елді мекендердегі медицина мекемелердің техникалық нашар қамтамасыз етілуі; дәрігерлер үшін есеп беру күрделілігі; медициналық ұйымдар мен Республикалық ақпараттық-аналитикалық орталықтың және оның аймақтардағы филиалдарының арасында бірыңғай электронды байланыстың, сондай-ақ ауруханаға жатқызу мәселелері бойынша бірыңғай электронды дерекқордың болмауы; медицина қызметкерлеріне еңбекақы төлеу және т.б.
Әсіресе, еліміздегі медициналық мекемлерді дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге баса назар аударылды. Ағымдағы жылдың алғашқы айларында онда дәрілердің жетіспеушілігі байқалған. Орын алған жағдайдың бірден-бір себебі – «Фармация» СҚ, Денсаулық сақтау министрлігі және жергілікті атқарушы органдар арасында дәрімен қамтамасыз ету бойынша нақты міндеттердің анықталмағандығы болып отыр. «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин: «Біз еліміздің медициналық мекмелерінде барлық дәрілік қажеттіліктерді үздіксіз жеткізіп тұруды қамтамасыз етуіміз керек, біздің азаматтарымыз бұдан зардап шекпеуі керек. Ал қандай бір ұлттық компания деңгейінде, қандай бір мекемелермен тіл табыса алмай жатқанымыздан біздің халыққа келер пайда жоқ. Сол үшін біз ортақ тиімді жолын табуымыз керек. Егер ұлттық компания бұған дайын болмаса, өзіне ол міндетті алуға асығудың керегі жоқ еді, ал дайын болса онда өтініш түсірген компаниядан, медициналық мекемеге дәрілерді жеткізуге дейінгі жұмысқа дайын екендіктерін айту керек. Ондай жағдайда жауапкершілік тікелей «Фармция» СҚ жүктелуі керек»,-деп атап өтті.
Кеңес отырысының қорытындылары бойынша БҰДЖ енгізу механизмін жетілдіруге бағытталған ұсыныстар қабылданды. Бұл ұсыныстар Денсаулық сақтау министрлігі мен Қазақстан Республикасының Үкіметіне жолданатын болды.

Назад


2010-04-29