«Әйел денсаулығы – ұлттың денсаулығы» республикалық конференциясы

«Нұр Отан» партиясының орталық аппаратында «Әйел денсаулығы – ұлттың денсаулығы» республикалық конференциясы өтті. Конференцияның ұйымдастырушылары «Нұр Отан» ХДП, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы отбасы мен демографиялық саясат және әйел істері жөніндегі ұлттық комиссия, ҚР Парламенті жанындағы «Нұр Отан» ХДП фракциясы әлеуметтік кеңесі, Қазақстан әйелдері ұйымдары Альянсы.
 Конференция мақсаты – еліміздегі отбасылық демографиялық жағдайдың оң тепе-теңдігін қолдау, салауатты өмір салтын қалыптастыру, сондай-ақ әйелдердің ұлтты қалыптастыруға қосқан үлесін насихаттау. Ұлттың әсіресе, әйелдердің денсаулығы еліміздің тұрақты дамуына, мықты отбасын құруға, дені сау балалардың туылуы мен тәрбиесіне тікелей ықпал ететін факторлардың бірі. 
Партия басшылығының атынан конференцияға қатысушыларға арнаған құттықтау сөзінде «Нұр Отан» ХДП Хатшысы Сергей Громов: «Еліміздің Президенті, партия төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның жаңа онжылдығының стратегиялық бағытын нақты анықтап берді. Біздің ең басты мақсатымыз – жүктелген маңызды тапсырмаларды тиімді жүзеге асыру. Біздің бар күш-жігеріміз бен мүмкіндіктеріміз партия бағдарламасында көрсетілгендей өмір сапасын көтеруге, барлық қазақстандықтың әл-ауқатын жақсатруға бағытталатын болады».,-деп атап өтті. Сонымен қатар ол аналар мен балалар өлімін төмендету керектігін айта келіп, міндеттелген тапсырмалардың шешімін табуы әрқайсымызға байланысты деді. 
Конференцияға қатысушылар аналар мен балаларды қорғау, балалардың денсаулығын нығайту мен сақтау, аурудың алдын-алуда мемлекеттік емес ұйымдардың рөлі, сондай-ақ репродуктивті денсаулықты жақсартудағы халықаралық тәжірибе мәселелерін талқыға салды. 
Конференция қорытындысы бойынша қатысушылар әйел денсаулығын қорғаудың тиімді механизмдерін қалыптастыруға, отбасын, жалпы қоғамның әлеуметтік әл-ахуалын одан әрі нығайтуға, әлеуметтік-экономикалық, сондай-ақ әйел денсаулығын жақсарту мен сақтауға арналған басқа да факторларды дамытуға бағытталған жаңа нормаларды әзірлеуге, сондай-ақ, медициналық қызметтің мемлекеттік жүйесін одан әрі жетілдіруге, әйелдер үшін әлеуметтік және еңбек кепілдігі жағдайларына, ана мен баланы қорғауға байланысты Қарар қабылдады. 
Конференция жұмысына «Нұр Отан» ХДП басшылығы, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы отбасы мен демографиялық саясат және әйел істері жөніндегі ұлттық комиссия, мүдделі министрліктер мен құрылым, халықаралық және мемлекеттік емес ұйым өкілдері мен жастар қатысты.

Назад


2010-03-16