Барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары- «Нұр Отан» ХДП мүшелерінің Республикалық форумы
Астанада еліміздің барлық аймақтарынан 600-ден астам адам өатысқан барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары- «Нұр Отан» ХДП мүшелерінің Республикалық форумы өтті. Форум жұмысына «Нұр Отан» ХДП Төрағасының Бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин, Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев, Парламент Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев, Үкімет мүшелері, Президент әкімшілігі мен Премьер-Министр кеңсесінің өкілдері, Парламент палаталарының депутаттары, барлық деңгейдегі мәслихаттардың «Нұр Отан» партиясы фракцияларының басшылары мен хатшылары қатысты.
«Нұр Отан» партиясы депутаттық корпус және үкімет мүшелерімен «Нұр Отан» ХДП Халықтық тұғырнамасының ел Президенті Н. Ә. Назарбаевтың «Жаңа онжылдық- жаңа экономикалық өрлеу- Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» Жолдауы аясында жүзеге асырылу барысын жан-жақты талқылады.
Республикалық форум қарсаңында ел аймақтарында барлық деңгейдегі аймақтық депутаттар форумдары өткізіліп, сайлау алды уәделердің орындалуы, Мемлекет басшысы, партия Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жолдауы аясында Халықтық тұғырнаманы іске асыру бойынша ұсыныстар әзірленді. Осы ретте мемлекеттік, партиялық бағдарламалар мен жобалардың орындалуына жауапты партиялық құрылымдардың тиімділігіне қатысты қажетті шараларды дайындауға ерекше көңіл бөлінді.
Форум барысында мемлекеттік органдардың Халықтық тұғырнама ережелерін жүзеге асыру жұмыстарының жүйелі түрде атқарылып жатқаны сөз болды. Партияның сайлау алды бағдарламасында көрсетілген экономикалық, қоғамдық-саяси мақсаттарды шешу бойынша нақты шаралар қабылдануда. Алайда, депутаттық корпустың үнемі назарында болатын бірқатар мәселе бар.
Партия Төрағасының Бірінші орынбасары Нұрлан Нығматуллин аймақтарды дамытуда, бюджеттерді бекіту туралы шешімдерді қабылдауда, кадрлық сұрақтар және жергілікті жерлердегі нақты жағдай бойынша ел мен партия басшылығына объективті ақпарат беруде мәслихаттар мен партиялық фракциялардың ролін арттыру қажеттілігін атап өтті.
Сонымен қатар, жергілікті бюджет пен аймақтық даму бағдарламаларының орындалуына байланысты қоғамдық аудит пен мониторниг жүргізу мәселесі де сөз болды. Жергілікті жерлердегі нақты мәселелерді шешу бойынша түрлі тақырыптық және шұғыл комиссиялар құру сияқты жұмыстарды күшейту туралы тапсырма берілді.
Сондай-ақ, Нұрлан Нығматулин: «Бүгінгі күні Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев басқаратын «Нұр Отан» партиясы мүшелерінің саны 700 мыңнан асып, Қазақстанның әрбір азаматының жағдайын жақсартуға, еңбекпен қамтамасыз етуге, сапалы білім мен медициналық көмек көрсетуге үлкен үлес қосып келеді. Осы жолда қол жеткен жетістіктеріміз баршылық, бірақ онымен тоқтауға болмайды. Алда да атқарар істер одан да көп. Бұл жұмыстарды одан әрі тиімді жалғастыруда, маңызды жоспарлар мен жобаларды ойдағыдай жүзеге асыруда әсіресе, сіздерге, Парламент пен жергілікті мәслихат депутаттарына, атқарушы орган өкілдеріне артылатын сенім өте зор», - деп атап өтті.
«Нұр Отан» ХДП Републикалық форумының қорытындысы бойынша қатысушылар Қазақстан азаматтарына Үндеу жариялады. Үндеуде барлық қазақстандықтар еліміздің 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарын жүзеге асыру процесіне белсене қатысуға шақырылды. «Экономиканың шикізаттық, экстенсивті, техникалық артта қалу сипатын батыл еңсеріп шығуы үшін бүкіл қоғамның, әрбір азаматтың күш-жігерін біріктіру қажет. Экономиканың нақты әрі жедел әртараптандырылуы және оның инновациялық-технологиялық жаңғыруы – біздің басты мақсатымыз болуға тиіс», - делінген үндеуде.
Сонымен қатар, «Нұр Отан» партиясы мен депутаттық корпус Президенттің Қазақстан Халқына Жолдауында айтылған міндеттердің, Стратегиялық даму жоспарының орындалуын қатаң бақылауға алатындығы айтылды. Партияның өңірлердегі іс-әрекеті маңызды болғандықтан, олардың жұмысы одан әрі нығайтылатын болады.
Сондай-ақ, партияның әлеуметтік саясатын толыққанды жүзеге асыруға, агроөнеркәсіптік өндірістерді дамытуға, ауылдағылардың тұрмыс деңгейін көтеруге, барлық жерде, жүйелі түрде «бизнестің жол картасын» жүзеге асыруға, кәсіпкерлікті қолдауға, ұлттық құндылықтар мен жетістіктерді - бірлікті, тұрақтылық пен бейбітшілікті сақтауға баса назар аударылады.
2010-03-15



