«Нұр Отан» ХДП Құқықтық кеңесінің алғашқы отырысы
Елбасы, «Нұр Отан» партиясының көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың мемлекет пен қоғамды дамытуда белгілеп берген жаңа бағыттары оның заңдық-құқықтық жұмысына «Нұр Отан» партиясының белсене қатысуын талап етіп отыр. Сондықтан барлық күш қазақстандық заңдылықтарды жетілдіру бойынша нақты ұсыныстар әзірлеуге жұмылдырлады.
Осы мақсатта партия жанынан Консультативтік-кеңесші орган – Құқықтық кеңес құрылып отыр. Төрағасы Парламент Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» ХДП фракциясы мүшесі Нұрлан Әбдіров. Кеңес құрамына Парламент депутаттары, танымал ғалымдар мен құқықтанушылар, қоғамдық ұйым өкілдері кірді.
4 наурызда партияның Орталық аппаратында Құқықтық кеңестің алғашқы жиыны өтіп, алдағы жұмыстың негізгі бағыттары анықталды.
Басым бағыттар қатарында заңдылықтарды жетілдіру, әлеуметтік жағынан жәбір көрген тұрғындардың заңды мүдделері мен құқын қорғау мәселелерін айтуға болады. Сонымен қатар жастар проблемасын шешуге, тұрғындардың құқықтық-мәдени деңгейін арттыруға, азаматтардың кәсіби заңдық көмек алуға қол жетімділігін қамтамасыз етуге баса назар аударылады.
Партия хатшысы Сергей Громов: «Біздің ойымызша, қазір барлық күш-жігерді ең алдымен, еліміз бен қоғамның одан әрі тұрақты дамуына кедергі келтіретін жағдайларға жол бермейтін заңдылықтарды жетілдіру бойынша нақты ұсыныстарды әзірлеуге жұмылдыру қажет. Ұлттық құқық - Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жолдауында жүктелген тапсырмаларды, Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму бағдарламасында басқа да бағдарламалық құжаттарда белгіленген міндеттерді, жоспарлар мен жобаларды тиімді жүзеге асыру жағдайын қамтамасыз етуі тиіс», - деп атап өтті.
Құқықтық кеңес үш секциядан тұрады: мемлекеттік құрлыс секциясы, соттық және құқыққорғау жүйесі секциясы, азаматтар құқын қорғау секциясы.
Кеңес жұмысы мемлекеттік, жергілікті өзін-өзі басқару органдарымен, қоғамдық бірлестіктермен, мемлекеттік емес ұйымдармен, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен, сондай-ақ, қоғамдық қабылдау, партиялық бақылау Комитеті, жемқорлықпен күрес жөніндегі Республикалық Қоғамдық кеңес, Парламентаризм иниституты сынды басқа да партия құрылымдарымен етене қызмет атқаратын болады.
Құқықтық кеңес - «Нұр Отан» партиясының құқықтық саясатын қалыптастыру және жүзеге асырудағы негізгі күш саналады.
2010-03-04