«Нұр Отан» Халықтық Демократиялық партиясы қоғамдық қабылдау бөліміне түсетін өтініштерді мемлекеттік органдардың қарау нәтижелерін және сапасын қатаң бақылауға алады
«Нұр Отан» Халықтық Демократиялық партиясы қоғамдық қабылдау бөліміне түсетін өтініштерді мемлекеттік органдардың қарау нәтижелерін және сапасын қатаң бақылауға алады. Бұл туралы партия Төрағасының Бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин жұмыс жиынында мәлім етті. Жиналыс - 2009 жылы қоғамдық қабылдауға келіп түскен өтініштерді мемлекеттік органдардың қарау нәтижелерін талқылауға арналды.
Елбасымыз, Партиямыздың Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев халық проблемасын шешудің тиімді жүйесін жасау және барлық жерде партияның қоғамдық қабылдау бөлімдері жұмысын күшейту жөнінде тапсырма жүктеген болатын.
«Нұр Отан» партиясы өз жұмыс қарқынын арттырды, оның үстіне, қазіргі таңда партияның қоғамдық қабылдау бөлімі 16 облыстық, Астана және Алматы қалалық, сондай-ақ, 25 аудандық және қалалық құрылымдары бар, халық пен мемлекеттік органды байланыстыратын негізгі тетік саналады.
Қоғамдық қабылдау бөлімінің 2009 жылғы жұмыс қорытындысы шағымдар санынын арта түскенін байқатады. Айталық, өткен жылы еліміз бойынша 68 мың өтініш келіп түскен, ол 2008 жылмен салыстырғанда 1,5 есе артық. Өтініштердің басым бөлігін әдеттегідей әлеуметтік мәселелер құрайды.
«Нұр Отан» партиясы қоғамдық қабылдау бөлімі жұмысын жандандыру мақсатында жаңа жұмыс тәсілдерін енгізіп отыр. Осыған байланысты Орталық аппараттың қоғамдық қабылдауында «Нұр Отан» ХДП фракциясы мүшелері – Парламент Мәжілісінің депутаттары азаматтарды тұрақты қабылдаумен қатар, мемлекеттік орган, банк, басқа да мекеме өкілдері қабылдау өткізеді.
Алайда, партияның қоғамдық қабылдауынан мемлекеттік органдарға жіберілетін өтініштерге байланысты бірқатар шешімін таппаған мәселелер бар. Олар азаматтар шағымына кейбір мекемелердің өз уақытында, болмаса мүлдем жауап қайтармайтындығы, сондай-ақ мемлекеттік мекемелердің нақты қаралған іске байланысты жауаптан жалтаратындығы.
Азаматтар өтінішін қараудың тиімділігін арттыруды сөз еткен партия Төрағасының Бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин Елбасы, партия Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың азаматтар қажеттілігін ең басты жұмыс ретінде санау туралы тапсырмасы, барлық мемлекеттік органдар үшін қатаң талап болуға тиіс екендігін айта келіп:
«Елбасымыз, партиямыздың Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев әрқашан халықтың проблемаларына, халыққа көмек көрсету сұрақтарына назар аударып, мемлекеттік, органдарға, партияға арнайы тапсырма беріп келеді. Президентіміздің осы тапсырмасын жүзеге асыруда партиямыздың Қоғамдық қабылдау бөлмесінің орны да, маңызы да ерекше екені баршаңыз жақсы білесіздер. Себебі қазіргі күні осы қоғамдық қабылдауға көмек сұрап келетін азаматтар саны күн сайын артып отыр»,-деді.
Сондай-ақ, Нұрлан Нығматулин мемлекеттік органдар мен партия арасында кері байланыс орнатуға, тұрғындар өтінішін қарау барысына талдау жасауға баса назар аударды.
«Нұр Отан» партиясы қолда бар барлық механизмдер мен ресурстарды барынша қазақстандықтар проблемасын шешуге жұмылдыруды мақсат етіп отыр. Ағымдағы жылы Әділет министрлігі, басқа да мүдделі құрылымдардың келісімімен партияның қоғамдық қабылдау бөліміне жиналған проблемалар мен кемшін тұстарды алға тарта отырып, Қазақстан Республикасы заңдылықтарын жетілдіруді жоспарлап отыр. Бұл жұмысқа сондай-ақ, «Нұр Отан» партиясы жанындағы Құқықтық кеңес – арнайы консультативтік – кеңесші органы да қатыстырлатын болады.
Жиын жұмысына Президент әкімшілігі жетекшісінің орынбасары Бауыржан Байбек, Премьер-министр Канцеляриясы жетекшісі Ғабидолла Әбдрахимов сондай-ақ, барлық министрліктер мен құрылымдардың жауапты хатшылары және партияның аймақтық филиалдарындағы қоғамдық қабылдау бөлімдерінің жетекшілері қатысты.
2010-02-26



