«ЕҚЫҰ-ның адами өлшемі: 2010 жылғы жалпы тақырыптық басымдықтар» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция

Астанада «ЕҚЫҰ-ның адами өлшемі: 2010 жылғы жалпы тақырыптық басымдықтар» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Конференцияны ҚР Сыртқы істер министрлігінің және ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Орталығының қатысуымен «Нұр Отан» Халықтық Демократиялық партиясы ұйымдастырды. 
Қазақстан Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуде. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі еліміздің одан әрі дамуында, оның әлеуетті мемлекет ретінде қалыптасуында ерекше маңызға ие. 
Бұл – Елбасы, партия Төрағасы Н.А. Назарбаев жүргізген ішкі және сыртқы саясат, әлеуметтік-экономикалық реформалар, еліміздің әлеуметтік-саяси өмірін қалыптастырудағы ерен еңбегінің нәтижесі. 
«Нұр Отан» Халықтық Демократиялық партиясы Қазақстан Президенті, партия көшбасшысы Н.Ә.Назарбаев саясатының белсенді насихатшысы саналады. Сондықтан «Нұр Отан» ХДП саяси партиялардың рөлін арттыру, сайлау заңдылықтарын жетілдіру, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту, мемлекеттік емес ұйымдардың, жалпы алғанда азаматтық қоғамның рөлін арттыру, БАҚ бостандығын нығайту сондай-ақ, әр адам өз мүмкіндігін елінің игілігі үшін жүзеге асыру жағдайын жасау сынды аса маңызды тақырыптар бойынша кең көлемді қоғамдық сұхбаттарға қатысады. 
Конференцияны ашқан, «Нұр Отан» ХДП Төрағасының Бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин: «Қазақстанның беделді халықаралық ұйымдардың бірі - Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық ұйымына - төрағалық етуі - ең алдымен, Президентіміздің, біздің «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың әлем алдындағы абыройының, сындарлы саясатының, ерен еңбегінің нәтижесі екені сөзсіз. Бұл өте үлкен жеңіс -барша қазақстандықтардың жеңісі. Себебі құрамында 56 ел бар үлкен ұйымға төрағалық ету – Қазақстанның дамуы жоғары, өркениетті ел екенін көрсетіп отыр», - деді. 
Сонымен қатар ол, «Нұр Отан» партиясы Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету мүмкіндігін еліміздің адами өлшем саласында ЕҚЫҰ талаптарын кеңінен тарату және дамыту мақсатында пайдалануды көздеп отырғандығын айтты.  
Конференцияда Қазақстанның ЕҚЫҰ-да төрағалық етуінің тарихи жағдайлары және саяси контексі; ЕҚЫҰ-ның адами өлшемі: мемлекеттің қауіпсіздігінен - жеке адамның қауіпсіздігіне; Қазақстанның төрағалық етуі кезеңінде ЕҚЫҰ қызметіндегі гуманитарлық саладағы өзекті басымдықтар, сондай-ақ, Шығыс пен Батыстың арасындағы диалогтік қоғамдастықты қалыптастыру арқылы ЕҚЫҰ-ны дамыту мәселелері бойынша консенсустық алаңды кеңейтудің және нығайтудың жолдарын іздестіру сынды мәселелерді қарастырды. 
 Аталған конференция «Нұр Отан» ХДП-ның адами өлшем саласындағы өзекті мәселелерді талқылау жөніндегі диалогтік алаңды құру арқылы Қазақстанның ЕҚЫҰ-да төрағалық етуін жүйелі қолдау талпынысын білдіреді.
 Конференция жұмысының қорытындысында адами өлшем бойынша ЕҚЫҰ талаптарын жүзеге асыру, тарату жұмыстарын атқаратын мемлекеттік органдар мен басқа да институттар үшін ұсыныс қабылданды.  
 Конференцияға ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Орталығы басшысы А. Кельчевский, дипломатиялық миссия мен халықаралық ұйымдар, саяси партиялар, мемлекеттік органдар, үкіметтік емес ұйымдар, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері, отандық және шетелдік сарапшылар қатысты.

Назад


2010-02-22