Жауынгер-интернационалистерді еске алуға арналған «Нұр Отан» партиясының акциясы

Бүгін Қазақстандағы жауынгер-интернационалистер үшін ерекше күн. Осыдан тура 21 жыл бұрын Ауғанстандағы соғыс аяқталды. Айтулы күнге орай «Нұр Отан» Халықтық Демократиялық партиясы еліміздің барлық аймақтарында еске алу акциясын өткізді. Шара барысында қаза болған қазақстандық жауынгерлердің құрметіне орнатылған ескерткіштерге гүл шоқтары қойылды. 
1979-1989 жж. қазақстандық жауынгерлердің 22 мыңнан астамы Ауған соғысына қатысты, олардың 924-і ерлікпен қаза тауып, 21-і із-түссіз жоғалып кеткен. Акцияға қатысушылар қаза болғандардың құрметіне бір минут үнсіздік жариялады. Астана, Алматы, Ақтөбе, Шымкент қалаларында өткен іс-шараларға ауған соғысының ардагерлері, жастар және «Нұр Отан» партиясының белсенділері қатысты.
Ал партияның Орталық аппаратында Локальды соғыс және Ауғанстан ардагерлері Одағымен бірлесіп, Ресей Федерациясының Қазақстандағы елшілігінің қолдауымен «Марапат иесін тапты» атты Республикалық акция өтті. 
Акция аясында Ауғанстандағы жауынгерлік борышын абыроймен атқарып, ерлік көрсткен жауынгер-интернационалистерге кезінде түрлі себептермен берілмей қалған КСРО-ның жауынгерлік марапаттары табыс етілді. 
Шара барысында «Ерлігі үшін» және «Жауынгерлік еңбегі үшін» медальдарына ұсынылған жауынгер-интернационалистер есімдері белгілі болды. 
Рәсімге «Нұр Отан» ХДП Төрағасының Бірінші орынбасары Н.Нығматулин, Ресей Федерациясының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Михаил Бочарников, Ресей Федерациясының Қазақстандағы елшілігінің әскери атташесі, генерал-лейтенант Николай Покась және Қазақстан Республикасының Локальды соғыс және Ауғанстан ардагерлер Одағының жергілікті өкілдері қатысты.
Партия Төрағасының Бірінші орынбасары Н.Нығматулин өз сөзінде: « «Нұр Отан» партиясының бастамасымен еліміздің барлық аймақтарында Ауған соғысы аяқталуының 21 жылдығына арналған еске алу акциялары өткізілуде. Сонымен бірге «Марапат иесін тапты» атты республикалық жұмыс барысында «Нұр Отан» партиясы Ауғанстан ардагерлер Одағымен бірлесіп, Ресей Федерациясы елшілігімен тығыз байланыс орнату арқылы Қазақстанда әскери ордендер мен медальдарға ұсынылған 360 қазақстандықтың барын анықтады.  
Бүгінгі күні 150-ден астам марапат табыс етіліп, қалғандары бойынша іздестіру жұмыстары жүргізілуде. Бұл-қазіргі жастар үшін, болашақ ұрпақ үшін патриоттық тәрбие берудегі өте маңызды әрі үлгі алар өнеге», - деп атап өтті. 
Салтанатты рәсім барысында Сабыров Берік Нұртайұлы мен Мұрынбаев Тұмарбек Тоқанұлы «Ерлігі үшін», Тұрақбаев Ерғазы Төлегенұлы, Сергей Николаевич Шиляев, Ликеров Амангелді Қайыржанұлы, Қойлыбаев Темірбек Омарұлы, Анатолий Анатольевич Юрин «Жауынгерлік ерлігі үшін» медальдарымен марапатталды.

Назад


2010-02-15