«Нұр Отан» ХДП жанынан құрылған Жемқорлықпен күрес жөніндегі республикалық қоғамдық Кеңестің он үшінші отырысы

«Нұр Отан» ХДП Орталық аппаратында ҚР Парламенті Сенатының депутаты, «Нұр Отан» ХДП жанындағы Жемқорлықпен күрес жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің төрағасы Оралбай Әбдікәрімовтің төрағалық етуімен Кеңестің он үшінші отырысы өтті. Отырысқа Парламент депутаттары, Бас прокуратура, Қаржы полициясының жауапты қызметкерлері, Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктің, ішкі істер, білім және ғылым, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы министрліктерінің жауапты хатшылары қатысты.  
Кезекті жиында Атырау облысы әкімінің орынбасары Болат Дәукенов «Нұр Отан» Халықтық Демократиялық партиясының жемқорлықпен күрес жөніндегі бағдарламасының Атырау облысында жүзеге асырылу барысы жайлы баяндама жасады.  
Құқықтық статистика органдарының деректері бойынша Атырау облысында бірнеше жылдан бері жемқорлықтың тұрақты жоғары деңгейі сақталып тұр. 2009 жылы жемқорлық сипатта 116 қылмыс жасалған, олардың 97-сін мемлекеттік қызметтерді орындауға уәкілетті мемлекет қызметшілері мен тұлғалар жасаса, 2008 жылы қылмыстың осы түрі бойынша 104 іс қозғалған. Қылмыстық жазаға тартылатын жемқорлық әрекеттер үшін 71 адам жауапқа тартылды. Барлық жемқорлық қылмыстардың жартысынан астамын облыста әкімдіктердің және олардың құрылымдық бөлімшілерінің қызметкерлері арасында етек алған. Әкімдіктер қызметкерлері қызметтік арам ниеттікке барады, рұқсат беру процедураларын жүргізгені үшін пара алады, баспана мәселелері бойынша пара беруге мәжбүрлейді және мемлекет мүлкін талан-таржаға салады. Өткен жылмен салыстырғанда әкімдік қызметкерлерінің арасында жемқорлық қылмыстар саны екі есе өскен. 
Осы мәселені дайындау барысында Сараптау комиссиясы партия филиалдарындағы, әкімдіктердегі, денсаулық сақтау, білім, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, құрылыс және сәулет мекемелеріндегі жемқорлыққа қарсы іс-әрекет бойынша жағдайға талдау жүргізген.  
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Сараптау комиссиясының жетекшісі Айгүл Соловьева комиссия жұмысының нәтижелерінен хабардар етті. 
Отырыстың қорытындысы бойынша жемқорлықпен күрестің тиімділігін арттыру және осы аймақта оны минимизациялау бойынша ұсыныстар қабылданды. 
Сонымен қатар Республикалық кеңестің хатшысы, Партиялық бақылау комитеті хатшылығының инспекторы Батыржан Әшітов 2009 жылы қабылданған Республикалық кеңес қаулыларының орындалуы, мемлекеттік және құқық қорғау органдарына жіберілген азаматтардың және заңды тұлғалардың өтініштерінің қаралуы туралы баяндады. 
Жиын соңында «Нұр Отан» Халықтық Демократиялық партиясының Жемқорлыққа қарсы ең үздік плакат бойынша жарияланған ашық сайыс жеңімпаздары марапатталды.

Назад


2010-02-12