10 ақпанда республика көлемінде өткен «Азаматтарды бірыңғай қабылдау күні» акциясының қорытындысы

«Нұр Отан» Халықтық Демократиялық партиясының Орталық аппаратында Қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Жұмажан Жүкенов республика бойынша өткен «Азаматтарды бірыңғай қабылдау күні» акциясының қортындысына байланысты брифинг өткізді. Аймақтардан түскен мәліметтер бойынша акция барысында 1 800 азаматтан өтініштер қабылданып, оның 250-і оң шешімін тапқан. Сонымен қатар 600 өтініш қарау үшін мемлекеттік және құқық қорғау органдарына жіберілсе, 950-өтініш бойынша тиісті кеңес берілді.
 Аталған акция азаматтар проблемаларына мемлекеттік органдардың назарын аударуға, әсіресе, оны шешу мақсатында жүргізілді.  
 Аймақтық деңгейдегі акцияға облыс әкімдерінің орынбасарлары, қала әкімдері, барлық деңгейдегі депутаттар және денсаулық сақтау, білім беру, халықты әлеуметтік қорғау салаларының, сондай-ақ, құқық қорғау органдары өкілдері қатысты. 
 Аталған шара аясында Астана қаласындағы Орталық аппараттың Қоғамдық қабылдау бөлмесінде Астана қаласының әкімі Қожағапанов Ерлан Тоқтарханұлы, Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нүсіпова Әсел Бекқызы, Астана қаласы тұрғын үй басқармасының бастығы Оспанов Серік, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Бақылау және әлеуметтік қорғау жөніндегі комитет төрағасының орынбасарлары Тоқсейітова Гүлнар Мүслімқызы, Оспанқұлов Төлеген Қапақұлы азаматтарды қабылдады.
Қабылдауда 87 адам болды, 16 адамның өтініштері оң шешімін тапты, 51 өтініш қарау үшін қабылданып, олар партияның қоғамдық қабылдауының бақылауына алынды. 20 адамға түсініктеме берілді. 
 Атап өту керек, осы қабылдау барысында бірқатар мәселелер нақты шешімін тапты.  
Атап айтар болсақ, Орталық аппараттың Қоғамдық қабылдау бөлмесіне Тимофеева Зинаида өз өтінішімен келіп, оның саяжайын бұзғаны үшін тиісті өтемақысын 5 жылдан бері ала-алмай жүргенін айтты. Қабылдау нәтижесінде проблемалық мәселе оң шешімін тапты. 
 Сонымен қатар, Ұлы Отан соғысының ардагері Қабылдин Мұсағали Қабылдаұлы пәтер алу бойынша қабылдауға келді. Қабылдау нәтижесінде соғыс ардагерінің мәселесі 15 ақпанда болатын қалалық оперативті комиссияда қаралатын болды. Сол жерде ол комиссия отырысына шақырылды.
Өзбекстаннан келген оралман М.Членбетов квота алу және асыраушысынан айырылғаны бойынша жәрдемақы алуға көмек көрсетуін сұрап келді. Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілдері мәселесін оң шешіп берді.
 «Азаматтарды бірыңғай қабылдау күні» акциясы баспасөз ақпарат құралдарында кеңінен жарияланды. 
 Бұдан әрі де халықтың проблемаларын реттеу жүйелерін тиімді жасау жөніндегі жұмыстарды белсенді түрде жалғастырылатын болады.

Назад


2010-02-11