«Нұр Отан» партиясындағы бірыңғай қабылдау күні

 Република көлемінде партияның Қоғамдық қабылдауларында бірыңғай қабылдау күні өтті. Орталық аппаратта Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Қожағапанов, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Әсел Нүсіпова, аймақтық филиалдардың қоғамдық қабылдауларында облыс әкімінің орынбасарлары, қала әкімдері, денсаулық сақтау, білім мәселелері бойынша мемлекеттік орган өкілдері, тұрғындарды әлеуметтік қорғау және құқық қорғау органы қызметкерлері азаматтарды қабылдады.  
 Ағымдағы жылы 29-қаңтарда өткен Саяси кеңесте Елбасы, партия Көшбасшысы Н.Ә. Назарбаев азаматтардың өтініші бойынша жұмысты сынға алған болатын. Мемлекет басшысы азаматтар проблемасын, азаматтар қажеттілігін қамтамасыз ету партияның және барлық әкімдердің басты жұмысы деп атап өтті. 
 «Нұр Отан» партиясы Қоғамдық қабылдауларға түскен өтініштерді қарау нәтижелерін және сапасын қатаң бақылауға алады, сонымен қатар партия жұмысына, жалпы мемлекеттік орган қызметіне қатысты өтініштер мен шағымдардың өз уақытында толықтай қаралуына қол жеткізетін болады.  
Акция барысында Орталық аппараттың Қоғамдық қабылдауында Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Қожағапанов 80-нен астам адамды қабылдады. Оның қабылдауына Ұлы Отан соғысы ардагерлері, көп балалы аналар мен мүгедектер келді.  
40-қа жуық адамды қабылдаған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Әсел Нүсіпова зейнетақы, әлеуметтік қамсыздандыру, мүгедектерді қолдау, жалдамалы жұмысшылар мен оралмандардың құқын қорғау мәселелері бойынша сауалдарға жауап берді. 
 Мұндай шара қазақстандықтар мәселесін жан-жақты қарау және шешу қажеттілігінің күн тәртібінен түспей отырғанын тағы бір мәрте дәлелдеді.

Назад


2010-02-10