Қазақстан Республикасы Президенті Н. А. Назарбаевтың «Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» Қазақстан Халқына Жолдауын қолдауға арналған «Нұр Отан» ХДП форумы
«Нұр Отан» Халықтық Демократиялық партиясы еліміз аумағында Президентіміз, партия Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауын кең ауқымда насихаттау, түсіндіру жұмыстарына кірісті.
Бұл жұмыс индустриалдық орталық саналатын Павлодар облысынан басталды. Осы жерде 55 мыңға жуық нұротандықтар біріккен еліміздегі ірі партиялық ұйымның бірі жұмыс істейді.
Елбасы Жолдауына өздерінің ықыластарын білдіру үшін спорттық-сауықтыру кешеніне 3 мыңнан астам адам жиналды. Жиналғандар қатарында түрлі мамандық өкілдері: Павлодар мұнай-химиялық, металлургиялық, машина құрастыру зауыттарының, Ақсу ферросплав зауытының, Екібастұз ГРЭС-1 және Екібастұз ГРЭС-2 станцияларының жұмысшылары, зиялы қауым өкілдері, мұғалімдер, дәрігерлер және студенттер бар.
Ел Президенті Н.А. Назарбаевтың Жолдауы Қазақстанның жеделдетілген инновациялық дамуы үшін, әр өңірді индустрияландыру үшін зор мүмкіндіктер береді.
Елбасының, партия Төрағасының Жолдауын қолдауға арналған «Нұр Отан» ХДП форумын ашқан партия Төрағасының Бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин: «Біз, бүгін Елбасымыз, Партиямыздың Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жолдауын халыққа насихаттау жұмыстарын бастадық. Бұл жұмыс барлық облыстарда жүргізіледі. Себебі, Елбасымыздың биылғы жолдауы ол тарихи жолдау. Бұл Жолдауда еліміздің бір жыл ғана емес, алдағы 10 жылдық дамуының нақты жолдары, бағыттары көрсетілді. Сондықтан осы тарихи Құжатта айтылған әрбір істі, әрбір жобаны абыроймен атқару біздің басты міндетіміз деп білеміз»,- деді.
Нұрлан Нығматулин Елбасының Жолдауын қолдау бойынша «Нұр Отан» партиясының бастамасын барлық қазақстандықтардың жақтайтынына сенім білдірді.
Елбасы Жолдауы және оның басым бағыттарын жүзеге асыру туралы Форумда сондай-ақ, Павлодар облысның басшылары, алдыңғы қатарлы өндірістік кәсіпорын жұмысшылары, білім және денсаулық сақтау мекемелері қызметкерлері, «Жас Отан» Жастар қанаты өкілдері өз қолдауларын білдірді. Олардың барлығы Елбасының «Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» Жолдауы бұл - ел болашағының бағдарламасы, алдағы атқарылар жұмыстың жетекші құралы деген пікірде.
2010-02-04