Әлеуметтік кикілжіңдерді қарау және шешу мәселелері жөніндегі Республикалық қоғамдық кеңестің ұйымдастыру жиыны

«Нұр Отан» партиясының Орталық аппаратында әлеуметтік кикілжіңдерді қарау және шешу мәселелері жөніндегі Республикалық қоғамдық кеңестің ұйымдастыру жиыны өтті. «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин Кеңестің төрағасы, ал «Шаңырақ» РҚБ төрағасы Асылбек Қожахметов орынбасары болып сайланды.  
«Нұр Отан» ХДП болуы мүмкін әлеуметтік кикілжіңдердің алдын-алу, ескерту және жоюға септігін тигізетін аталған кеңестің қызметіне баса мән беріп отыр. 
Елбасы «Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан Халқына Жолдауында қоғамды біріктірудегі әрбір қазақстандықтың рөліне тоқтала келіп, Қазақстанның кезең-кезеңмен дамуы мен гүлденуі әрбір азаматқа байланысты екендігін атап өтті.  
Кеңес өз қызметіне орай азаматтардың конституциялық құқын қорғау саласында қоғамдық қатынастарды басқаруда азаматтық қоғамның қатысу тиімділігін арттырып, кикілжіңдер мен жанжалдардың тууының әлеуметтік салдарын анықтауға ықпал ететін болады.  
Жиын барысында «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин: «Қазақстан Республикасының Президенті, партия Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев партияның XII съезінде әлеуметтік кикілжіңдерді қарау және шешу мәселелері бойынша қоғамдық кеңестер құру, қажет жағдайда қоғамның тұрақтылығына қауіп төндіретін фактілер бойынша әрекет етуге айрықша назар аударған болатын. Қазіргі уақытта кеңестер құрылды және партияның барлық аймақтық филиалдарында жұмыс істеуде», - деді. 
Алғашқы жиында «Нұр Отан» ХДП партиялық бақылау комитеті Хатшылығының жұмыс органы болып анықталған Кеңестің алдағы уақыттағы жұмыс тәртібі талқыланып, регламенті бекітілді. 
Кеңестің алдағы отырысында қаралатын материалдарды дайындау үшін екі сарапшы комиссия құрылды. Оларды «Шаңырақ» РҚБ төрағасы А.Кожахметов пен ҚР Парламенті Мәжіліс депутаты А. Соловьева басқарады. Қазақтың Бас сәулет-құрылыс академиясы жатақханасының тұрғындары мен ипотекалық несиелеу мәселелеріне қатысты істер бойынша жұмыс істейтін аталған сарапшы топтар құрамына партиялық бақылау Комитетінің жауапты қызметкерлері, өкілетті мемлекеттік орган өкілдері кірді.

Назад


2010-02-01