«Нұр Отан» ХДП Саяси кеңес Бюросының кеңейтілген жиыны
«Нұр Отан» Халықтық Демократиялық партиясы, Орталық аппаратында Қазақстан Республикасының Президенті, «Нұр Отан» ХДП Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен партияның Саяси кеңес Бюросының кеңейтілген жиыны өтті. Жиынға Бюро мүшелері, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік хатшысы, Президент әкімшілігі өкілдері, Үкімет мүшелері, облыс және Астана мен Алматы қалалары әкімдері қатысты.
Жиынның күн тәртібіне Елбасының 2010 жылғы 29 қаңтардағы «Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу, Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» халыққа Жолдауын жүзеге асыру бойынша «Нұр Отан» Халықтық Демократиялық партиясына жүктелген тапсырмаларды талқылау енгізілді.
Атап өтерлігі, Қазақстан тарихында бірінші рет Қазақстан Республикасының Президенті Н. А. Назарбаевтың жыл сайынғы халыққа Жолдауы мен елдегі негізгі саяси күш «Нұр Отан» ХДП Саяси кеңесі Бюросының жиыны бір күнде өткізіліп отыр.
Осы жылғы Жолдаудың басты ерекшелігі - алдағы он жылда мемлекет алдында тұрған стратегиялық мақсаттарды анықтау.
Бюро жиыны барысында Қазақстан Республикасының Президенті, «Нұр Отан» ХДП Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев Жолдауда айтылған Қазақстанның 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарын ел халқына түсіндіруде және ең бастысы осы бағдарламаны орындауда «Нұр Отан» партиясының жетекшілік рөлін баса атап өтті. «Әрбір ауданда, облыста, қалада салынып жатқан әрбір нысан «Нұр Отан» партиясының бақылауында болу керек»,-деді ол. Нұрсұлтан Назарбаев белгіленген стратегияны жүзеге асыруда қоғамның барлық күшін біріктіру, инновациялық бағыт, бөлінген қаржылардың игерілуіне бақылау жасау, бастауыш партия ұйымдары жұмысының тиімділігін арттыру мәселелері бойынша партия алдына бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді.
Бұл мемлекет алдындағы стратегиялық жоспарларды іске асыруда партияға үлкен жауапкершілік артады.
«Нұр Отан» ХДП Төрағасының Бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин Елбасын, партия Төрағасын Жолдаудың негізгі бағыттарын жүзеге асыру бойынша партияның белсенді жұмыс істеуге дайын екендігіне сендірді. «Ұзақ мерзімге арналған бүгінгі Жолдаудың ойдағыдай іске асатынына толық сенеміз. Өйткені, біздің бірлігі мен ынтымағы жарасқан халқымыз бар. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтай әлемге белгілі Елбасымыз бар. Тек осындай тарихи тұлға ғана тәуелсіз мемлекет құру, әсем Астананы салу, ұлттық қорды жасақтау сияқты маңызды істерді жүзеге асыра білді.
Ең бастысы, көпұлтты Қазақстанның іргесін берік, еңсесін биік қылып, бейбітшілік пен татулықтың киелі ордасына айналдырды.
Сондай-ақ, өзіңіз басқарып отырған «Нұр Отан» Халықтық Демократиялық партиясының ел арасында үлкен беделге ие болуы да, ең біріншіден, Сізге деген халықтың үлкен сенімі»,-деді ол.
Елбасының Жолдауында айтылған 2020 жылға дейінгі Қазақстанның саяси және әлеуметтік-экономикалық даму үлгісінің негізгі ұстанымдары «Нұр Отан» ХДП жаңа Бағдарламасының жобасында тоықтай есепке алынатын болады. Сонымен қатар басқа да саяси күштер, мемлекеттік емес ұйымдар мен әріптестіктің жаңа механизмі қалыптастырылатын болады.
Саяси кеңес Бюросында Премьер-министр Кәрім Мәсімов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, партияның Саяси кеңес Бюросының мүшесі, Қазақстан Азаматтық альянсының президенті Айгүл Соловьева сөз сөйледі.
2010-01-29



