«Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин Астана телеарнасына барды

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин «Нұр Отан» ХДП «Нұр Медиа» холдингіне кіретін Астана телеарнасына барды. Нұрлан Нығматулин телеарнаның техникалық жабдықтарын, монтаж, тікелей эфир студияларын көріп, ұжымға жаңа басшыны таныстырды. Бұдан былай «Астана қаласы телевидениесі» телеарнасының Бас директоры Сәлиев Серік Жақыпбекұлы болады.  
 Телеарна жұмысымен танысу барысында партия Төрағасының Бірінші орынбасары болашақтағы бірлескен жұмыс жоспарымен бөлісті. Нұрлан Нығматулин: «Нұр Отан» партиясы «Нұр Медиа» холдингіне барынша қолдау көрсетеді. Және бұл көмек тек қаржылық, техникалық жағымен шектеліп қалмайды. Біз журналистерді партия қызметімен кеңінен таныстырып, күн тәртібіндегі өзекті тақырыптарды ұсынуымыз керек. Біздің партиялық құрылымдармен бірлесіп, сіздер көрермендер қалайтын спикерлердің, танымал кейіпкерлердің ауқымын кеңейту бағытында жұмыс жасауларыңыз керек»,-деп атап өтті. 
 Сонымен қатар Нұрлан Нығматулин «Нұр Сұнқар» атты республикалық сайыстың басталғандығын жария етті. «Бүгіннен бастап елімізде «Нұр Сұңқар» атты республикалық конкурс басталады. Бұл сайыс тек орталықтарда өткізілмейді. Оған облыстардағы, аудандардағы, жалпы айтқанда еліміздегі барлық ақпарат құралдарының журналистері, операторлары, фото тілшілері қатыса алады. Әрине, біз осы конкурс арқылы Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев басқаратын партиямыздың қызметін жан-жақты көрсетіп, атқарылып жатқан барлық жұмыстарды халыққа жеткізгіміз келеді. Сондықтан партиямыздың жұмысын дұрыс түсініп, дарынды көрсете білген жеңімпаздар арнайы марапатқа ие болады»-деді Нұрлан Нығматулин. Сайыс 18 аталым бойынша өткізіледі, оның 9-ы қазақ, 9-ы орыс тілдерінде. Конкурс шарттары БАҚ құралдарында жарияланады.

Назад


2010-01-27