«Кадрлық резерв» бағдарламасының тұжырымдамасын дайындау жөніндегі жұмыс комиссиясының кезекті отырысы
«Нұр Отан» Халықтық Демократиялық партиясы Орталық аппаратында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігі, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы өкілдерінің қатысуымен «Кадрлық резерв» бағдарламасының тұжырымдамасын дайындау жөніндегі жұмыс комиссиясының кезекті отырысы өтті.
Билік партиясы мәртебесі «Нұр Отан» ХДП-ға қоғам мен мемлекеттегі стратегиялық жаңаруларды іске асыру ісі үшін жауапкершілік жүктейді. «Нұр Отан» партиясы саяси, әлеуметтік, идеологиялық және басқарушылық қызметтерді кешенді жүзеге асырғанда ғана осы мақсаттарға қол жеткізуге болады. Осы тұрғыда саяси басқару қызметін іске асыру, соның ішінде басқарма кадрларын іріктеу және орналастыру қызметіндегі көрініс партияның мақсаттары мен міндеттерін барынша толық орындаудың маңызды құрылымдық-ұйымдастырушылық негізі болып табылады.
Қазақстан Республикасының Президенті, «Нұр Отан» ХДП Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік кадрлық саясатты іске асыру ісіне «Нұр Отан» партиясының қатысуын қарқындату бойынша міндет қойды. Саяси, әкімшілік және сайлау қызметтеріне арнап партия қалыптастырған кадрлық резерв осы бағыттағы жұмыстың маңызды негізіне айналуы тиіс. Үкіметтің өткен жылғы жұмысы туралы есепті тыңдау барысында Мемлекет басшысы кадрлық саясатты іске асырудағы бірқатар кемшіліктерді көрсете отырып, кадрлық саясат мәселелеріне айрықша назар аударды.
«Нұр Отан» партиясы өз кәсіби біліктілігі мен азаматтық ұстанымдарын қоғам мүддесінде іске асыруға дайын тұлғаларды анықтауға және көтермелеуге ықпал ететін жүйелі жағдайларды жасау мәселесі бойынша жұмыс жүргізеді.
Жұмыс комиссиясының отырысы барысында «Нұр Отан» ХДП Төрағасының Бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин: «Осы бағытта Президентіміздің, партия Төрағасының тікелей бастамасымен қолға алынған «кадрлық резерв» жобасы «Нұр Отаның» басты міндетіне айналып отыр. Себебі Елбасымыз тапсырмаларын, партиямыздың жоспарларын орындау үшін бізге жаңаша жұмыс істей алатын білімді, тәжірибелі, дарынды,оның ішінде өмірді жақсы білетін, қолынан іс келетін адамдар керек. Сондықтан осы сапалы мамандарды дайындау, кадрлық резервті жасау жұмыстары партия үшін болашағы зор мақсаттардың бірі болып табылады», - деді.
«Кадрлық резерв» бағдарламасы саяси, әкімшілік және сайланатын лауазымдар үшін резервистердің жоғары білікті мобильді құрамын қалыптастыруды ұсынады. Бағдарламаны іске асыру қорытындысы бойынша барлық деңгейдегі билік және партия вертикалі пайдалана алатын деректер банкін қалыптастыру болып табылады.
Кадрлық резервті құру және дамыту және оған жастарды белсенді тарту ел дамуының жаңа кезеңдерінің міндеттерін орындауға ықпал етеді.
2010-01-25