«Қазақша сөйлесейік!» қоғамдық республикалық акциясы жалғасуда
Еліміздің 14 облысы мен Астана және Алматы қалаларында «Нұр Отан» Халықтық Демократиялық партиясы мен «Жас Отан» Жастар қанатының ұйымдастыруымен «Қазақша сөйлесейік!» қоғамдық республикалық акциясы өз жалғасын табуда.
Акция мемлекеттік тілдің қоғамдағы рөлі мен маңызын арттыру, ана тілімізге қоғамның назарын аударту, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтіп, халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында өткізілуде.
Акция кезеңінде Астана қаласы бойынша халыққа қызмет көрсету орындарында мемлекеттік тілді халық арасында кеңінен насихаттайтын көпшілік акциясы ұйымдастырылу жоспарланса Қостанай қаласында «Аялдама және талап», «Қазақ тілі курстарын ұйымдастыру» және «Жұмыспен саяхат» атты жобалардың тұсаукесері, ал Жамбыл облысында жалпы білім беретін оқу орындарымен бірлесіп, балалар мен жасөспірімдер арасында қазақ тілін кеңінен насихаттайтын бірлескен іс-шарасы ұйымдастырылса, Қызылорда қаласында шетелдік және отандық кәсіпорындармен қазақ тілін оқытуға арналған орталықтармен бірлескен іс-шарасын өткізу және Қарағанды қаласында «Мемлекеттік тіл және жастар: жетістіктері мен проблемалары» тақырыбында кездесу ұйымдастырылуда.
Сондай-ақ «Жас Отан» ЖҚ Тілдерді дамыту басқармаларымен бірлесіп халыққа қызмет көрсету орындарындағы мемлекеттік тілді белсенді түрде қолданатын қызметкерлер мен өзге ұлт өкілдерінің арасында байқау ұйымдастыруда.
Байқаудың қорытындысы мемлекеттік Наурыз мейрамы қарсаңында шығарылады.
Байқау талаптары жайлы www.zhasotan.kz/ сайтынан қарауға болады.
2010-01-19



