Партия Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесінің жүзеге асырылуын қатаң бақылауға алады

Астана қаласының емдеу мекмелерінде басты мақсаты - Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесінің тиімді жүзеге асырылуына бақылау жасайтын партиялық бақылау бекеттері ашылды. Бұл туралы сондай бекеттердің бірі жұмыс жасай бастаған Астана қаласының Медициналық ақпараттық-сараптамалық орталығы жанындағы Сауықтыру бюросында болған партия Төрағасының Бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин мәлімдеді.

 Қазақстан Республикасында 2010 жылғы 1 қаңтардан бастап Мемлекет Басшысы, «Нұр Отан» ХДП Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тапсырмасы бойынша әзірленген Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесін енгізу басталды. 
 Денсаулық сақтаудың Бірыңғай ұлттық жүйесі емделушіге дәрігер мен медициналық ұйымды еркін таңдау мүмкіндігін тудырып, медициналық қызметтерді көрсету процестерінің ашықтығын және бәсекеге қабілетті ортаны қалыптастыруды мақсат етеді. Үстіміздегі жылғы 1 қаңтардан әр қазақстандық тегін кепілдендірілген мединицалық көмекті мемлекеттік органдардан ғана емес, жеке меншік емханалардан алуына болады. Сонымен қатар емделетін дәрігерге таңдау жасайды.  
 «Нұр Отан» ХДП Төрағасының Бірінші орынбасары Н.З. Нығматулин, ҚР Денсаулық сақтау министрі Ж.А. Досқалиев Астана қаласының Медициналық ақпараттық-сараптамалық орталығы жанындағы Сауықтыру бюросында болды. 
Астана қаласының Медициналық ақпараттық-сараптамалық орталығы жанындағы Сауықтыру бюросы – денсаулық сақтау саласындағы жаңа жүйенің негізгі орындарының бірінен саналады. Осы бюроға емханалардағы бос орындар туралы ақпарат түсіп, емделушілер үшін күту парағы жасалады. 
Алайда, «Нұр Отан» партиясы Қоғамдық қабылдау бөлмелеріне келіп түсетін азаматтардың өтініштері жаңа жүйенің жұмыс істеу процесінде туындап жатқан шешілмеген мәселелер мен проблемалардың бар екендігін көрсетіп отыр. 
Денсаулық сақтау жүйесінің реформалау процесіне ерекше көңіл бөліп отырған «Нұр Отан» Халықтық Демократиялық партиясы медициналық мекемелерде партиялық бақылау бекеттерін құруға бастама жасады. 2010 жылғы 13 қаңтардан бастап Астана қаласының барлық емханаларында бекеттер ашылды. 
«Нұр Отан» ХДП Төрағасының Бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин атап айтқандай мемлекет Басшысы, партия Көшбасшысының тапсырмасы бойынша осындай бекеттер еліміздің барлық аймақтарында ашылады және олардың басты мақсаты Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесін тиімді іске асыруды бақылау болып табылады. 
 Сонымен қатар, Н. Нығматулин: «Бүгін біз денсаулық сақтау министрлігі басшысымен бұл проблемаларды талқылап қана қоймай, оларды шешудің жолдары жөнінде уағдаластық. Және Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі аясында медициналық қызметтің сапасын жақсарту бойынша берген тапсырмасын орындау мақсатында партия аталған бағдарламаның жүзеге асырылуын қатаң бақылауға алатын болады. Бүгін Астананың барлық емханаларында халықпен «кері байланыс» тетігіне айналатын партиялық бақылау бекеттері ашылды. Таяу уақыттарда біз барлық аймақтарды қамтымақпыз»,-деп атап өтті. 
Әрбір науқас сапалы медициналық қызмет алу барысында туындаған мәселелері бойынша партиялық бақылау бекеттерінің мүшелеріне шағымдануына және медициналық қызмет көрсетудің жаңа жүйесін енгізу мәселелері бойынша түсініктеме алуына құқылы.
Емханаларда медициналық қызметтерді ұсыну мәселелері бойынша халықтан келіп түсетін жазбаша шығымдар мен өтініштер үшін жәшіктер орналастырылады. Партияның аймақтық филиалдарының қоғамдық қабылдау бөлмелерінде партиялық бақылау бекеттерінің мүшелері күн сайын азаматтарды қабылдайды, телефон бойынша олардың өтініштеріне жауап береді. Ай сайын партияның көшпелі қоғамдық қабылдау бөлмелері емханаларда азаматтарды қабылдауды жүзеге асырады. 
Бекет мүшелерінің құрамына «Нұр Отан» ХДП белсенділері, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің және тиісті мәслихаттардың депутаттары, қоғамдық бірлестіктер, саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, денсаулық сақтау ісінің ардагерлері, тәуелсіз сарапшылар мен мамандар кіреді.

Назад


2010-01-13