Жаңаөзен қаласындағы «Нұр Отан» ХДП сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бағдарламасын орындау жөніндегі жұмыс жеткіліксіз деп танылды
Нұротандықтардың ойынша, ішкі мәселелер туралы ашық әрі әділ айту жөн. Тек бұндай партияға ғана қазақстандықтар толық сене алады. Сол себепті Бас прокуратура өз мәлімдемесін жасағаннан кейін бірден Партиялық бақылау комитеті осы мәселеге қатысты өз сауалын жолдады. Жауабын алған соң партиялық бақылау комиссиясы мен «Нұр Отан» ХДП Маңғыстау облыстық филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі қоғамдық кеңестің бірлескен мәжілісі өткізілді. Онда Республикалық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі қоғамдық кеңес мүшесі, Партиялық бағылау комитетінің төрағасы Боран Рақымбеков, партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жаумбай Қараев, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі қоғамдық кеңес төрағасы Өмірзақ Озғанбаев сөз сөйледі. Отырысқа Парламент Сенатының депутаты, Республикалық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі қоғамдық кеңес төрағасы Оралбай Әбдікәрімов қатысты.
Құқықтық статистика мәліметтеріне сәйкес Жаңаөзен қаласында соңғы екі жыл бойы сыбайлас жемқорлық деңгейі тұрақты түрде жоғары болып табылады. 2011 жылы бұл жерде 20 сыбайлас жемқорлық қылмыс тіркелді, бұл көрсеткіш жалпы өңірдегі көрсеткіштің 35,7% құрайды.
Олардың басым көпшілігін әкімдік қызметкерлері жасаған, яғни олар мемлекеттік бағдарламаларды орындау кезінде жемқорлық тәсімдерін қолданған. Шенеуніктер белгілі бір тұлғалардың мүдделерін қорғады, ірі кәсіпорындардағы басты қызметтерде олардың туыстары отырды.
Партиялық бағылау комитетінің төрағасы Б.Рақымбеков өз сөзінде:
«Қалалық әкімдікте өткен прокурорлық тексеріс қорытындысы бойынша анық болғандай, қала әкімінің орынбасары Боранбаева және жұмыспен қамту бөлімінің меңгерушісі Әбубәкірова 2010 жылы қаланы дамыту үшін мұнай компаниялары бөлген демеулік қаржы жинақталып жатқан «Жарылқау» қорын заңсыз басқарды. Аталған тұлғалар жалпы соммасы 2 млрд.теңгеге жабдықтаушыларды анықтау жөнінде 12 шешім қабылдады», деп айтып өтті.
Одан басқа «Жанашыр» қорын да қаланың бұрыңғы әкімі Жалғас Бабаханов пен қазіргі әкімі Орақ Сарбөпеев талан-таражға салды.
ҚР Бас прокуроры А.Дауылбаевтың 25 қаңтарда жасаған ресми мәлімдемесінде: «...жаппай тәртіпсіздіктерге ұласқан мұнайшылардың ұзақ ереуіліне және әлеуметтік шиеленістің үдеуіне жергілікті атқарушы органдар мен мұнай кәсіпорындарының лауазымды тұлғаларының заңсыз әрекеттері ықпал еткен. Аталған тұлғалар, қала тұрғындарының мүдделеріне қарамастан, бірнеше жылдар бойы жергілікті халық пен мұнай-газ саласындағы жұмысшыларды әлеуметтік-экономикалық қолдауға бөлінген қаражатты ұрлаған» - делінген.
Өңірдегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі жұмыста партияның облыстық филиалының үйлестіруші рөлі әлсіз болғаны отырыс барысында аталып өтілді.
Отырыс қорытындысы бойынша партияның Жаңаөзендік филиалының жемқорлықпен күрес жұмысын жеткіліксіз деп тану жөнінде қаулы қабылданды.
Жеті нұротандықтың партиялық жауапкершілігін, тіпті оларды партия қатарынан шығаруды өздері мүшелік ететін бастауыш ұйымдарында қарау ұсынылды.
2012-02-01




