Екінші тынысы ашылған зауыт

Хромтау – жерасты қазба байлықтарына бай аудан. Бұл өңірдегі хром кенін өндіру об­лыс қана емес, еліміздің эко­но­ми­ка­лық дамуына серпін беріп отыр. Алайда, мұнда соңғы жыл­дары құрылыс материал­да­рын өндіру де жолға қойыла бас­тады. Тұр­ғын үй құры­лы­сын­да пайдаланы­латын қабыр­ға­лық кафель (қыш плиталар) шығаратын «Керамика» зауыты кезінде еліміздегі бір­ден-бір кә­сіпорын болатын. На­рықтық бә­секеге төтеп бере алмай бұл зауыт бұдан екі жыл бұрын банкротқа ұшырап, осын­шама уақыт тұрып қалып еді. Жа­қын­да арадағы екі жылғы үзі­лістен кейін кәсіпорын өз жұ­мысын қайта бастады. Бұған зауыт­ты қайта жарақтандыруға мемле­кет­тің қаржылай қолдау көр­сетуі ықпал етті.

Бұл жоба «Даму-Аймақтар-2» аймақтық бағдарламасы бой­ын­ша қаржыландырылды. Зауытты қайта жарақтандыруға 222 миллион теңге 10 пайыздық өсіммен бөлінді. «Керамика» акционерлік қоғамы, «ЦентрКредитБанк» және «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қо­ры өзара келісім-шартқа отырған. Осы келісім-шартқа сәйкес не­сие­нің өсімінің 7 пайызын «Биз­нестің жол картасы-2020» бағ­дар­ламасы аясында мемлекет жа­бады. Кә­сіпорын алған несиесін қалған 3 пайыздық өсіммен өзі өтейді.

Мемлекеттің қолдауымен қай­та жарақтандырылған зауытқа керамика плиталарын шығаратын италиялық технология орнатыл­ған. Ал, өнім өндіруге қажетті қи­ыршық тас, саз, құм сияқты шикізаттар осы өңірден молынан табылады. Керамика плита­ла­ры­на қажетті бояулық шикізаттар Испаниядан жеткізіледі.

Жоба толық қуатында жұ­мыс істегенде көлемі 20-30 сантиметр болатын 40 түрлі 1 миллион шаршы метр қыш пли­талары шығарылады. Әзірге тәулігіне 1,5 мың шаршы метр кафель өндірілуде.

Қайта жарақтандырылған кә­сіп­орында төрт ауысымда 120 адам еңбек етеді. Жұмысшы­лар­дың басым бөлігі бұрынғы зауытта еңбек еткендер. Тап­сы­рыс болса, өнім өндіру де арта түспек. Зауыт директоры Әділ­хан Итбаевтың айтуынша, еліміздегі көптеген кәсіпорындар­мен, мекемелермен өз өнімде­рін өткізуге келісім-шарт жа­сал­ған. Әзірге олардан тапсы­рыс түсе қоймапты. Сондықтан әлі ресми ашылмаған, іске қосу-реттеу жұмыстары бастал­ған зауытта әзірге он бес түрлі кафель шығарылғанымен, олар қоймаға жинақталуда көрінеді. Негізінде олар мемлекеттік тап­сырыс бойынша зауыт өнім­де­рін алуы тиіс екен. Бұл алдағы күндердің еншісіндегі шаруа. Таяу уақытта мұнда өнім өткізу рыногы қалыптасып, зауыт өзі­нің жобалық қуатына шығаты­нына сенім мол.

Сатыбалды СӘУІРБАЙ. Ақтөбе облысы.\\ Егемен Казақстан 20.08.11

 

 

ИННОВАЦИЯЛЫҚ ДАМУ – ҰЛТТЫҚ ИДЕЯ

 «Нұр Отан» партиясы 2020 жылға арналған бағдарламасында жақын онжылдықта еліміздің дамуын анықтайтын әлеуметтік-экономикалық нормалар мен бағыттарын белгіледі. Саяси ұйымның инновациялық даму және жаңару идеясын жалпы ұлттық міндет, ұлттық идея ретінде қарастыруға болады. Бұл бағдарлама ұлттық бірлікке, келісімге негізделген. «Нұр Отан» әлеуметтік-экономикалық прогресс әр азаматтан басталатынын естен шығарған емес. Сондықтан «Нұр Отан» партиясы 2020 жылға дейінгі бағдарламасын шағын және орта бизнес өкілдерінен бастап бюджеттік салалар қызметкерлері және ауыл тұрғындарымен аяқталатын халықтың ауқымды тобына сүйене отырып іске асыруда.

Айгүл НҰРКИНА, «Нұр Отан» ХДП Павлодар облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары

«Нұр Отан» партиясы «Ертеңің үшін аянба» бағдарламасының шең­берін­де Павлодар облысында шағын кәсіпкер­лік­ті дамыту жөніндегі пилот­тық жобаны iске асыруға белсене араласуда. Бағдарла­маның тиімділігін бағалау және оны одан әрі ауқымды түрде жүзеге асырудың ма­ңызы бүге-шігесіне дейін ойластырыл­ған. Осы ретте біздер шағын бизнесті дамытуға қатысты форум өткі­зіп, «Нұр Отан» пар­тиясының 2020 жылға дейінгі бағдарлама­сындағы ма­ңыз­ды міндет­терді ой елегінен өткіз­дік. Басқосуда мемлекеттік орган­дар­ға, ша­ғын бизнесті дамыту мен қолдау жөнін­дегі азаматтық қоғам институттары мен қаржылық құрылымдарға талдау жаса­ғанын айта кетуіміз керек. Пилоттық жобаны жүзеге асыру жөніндегі іс-шара­лар жоспары қабылданған. Аймақ­та өзін-өзі жұмыс­пен қамтыған азаматтарға қолдау көр­сетіліп, шағын бизнесті дамы­ту­ға кеңінен жол ашылуда. Шағын кәсіп­керліктің нақты бір түрін таңдау кезінде адамдарға бағдар беруде «Нұр Отан» пар­тиясының аймақтағы белсенділері көптеген жұ­мыстар атқарға­нын айтуға тиіспін. Бизнес идеялардың түрлері және шағын бизнесті дамыту мен қол­дауға жауапты құрылымдар, сондай-ақ олар жү­зе­ге асыратын бағдарламалар туралы ақ­па­раттар кеңінен насихатталуда. Осы ретте бұл бағыттағы маңызды жұ­мыс­­тарды жүзге асыру «Нұр Отан» партия­сының 2020 жылға дейінгі бағдар­лама­сында анық көрсетілген.

Пилоттық жобада облыстың тұтыну нарығын талдау несие тартумен жүзеге асатын 1000 бизнес-идея мен жобалар бойынша 100 бизнес-жоспарды әзірлеуге бағытталған бірқатар шаралар ұйым­дастырылды. Сондай-ақ, жергілікті жерлерде шағын бизнес саласындағы маман­дардың (өз ісінің айтулы шеберлері) деректер банкін құрғанымызды да айта кетуіміз керек.

Жақында «Әділет кеңес береді» рес­пуб­ликалық акцияның алғашқы нәтиже­сін шығардық. Павлодар облысының Әділет департаменті қала және аудан әділет басқармаларымен «Әділет кеңес береді» акциясын жүзеге асыру үшін облыс азаматтарының құқықтық мәдение­тінің, құқықтық ақпаратының деңгейін көтеруге бағытталған шаралар ұйымдас­тырғаны белгілі. Ақпараттық-насихаттау тобына әкімшілік, Павлодар облысы бойынша «Нұр Отан» ХДП ПОФ және қылмыстық-атқару жүйесінің, облыстың нотариалдық палата, сот сараптама орта­лығының өкілдері белсене қатысты.

«Нұр Отан» ХДП Павлодар облыстық филиалының Қоғамдық қабылдау бөлме­сінде Павлодар облысы бойынша қаржы полициясының бастығы М.Сабан­шиев азаматтарды жеке қабыл­дап, олардың арыз-шағымдарымен танысты. Облыс тұрғындарының өтініш­терін қарау барысында білім беру саласында бюджет қаражатын ұрлау, жалған кәсіп­кер­лікке қатысты көптеген шағым­дар түскенін айта кетуіміз керек. Партия­ның 2011-2015 жылдарға арналған жем­қор­лыққа қарсы салалық бағдарла­маны іске асыру шең­бері аясында сыбайлас жем­қорлыққа қарсы дүниетанымды қа­лып­тастыру, мемлекеттік органдардың іс-әрекетіне азаматтардың сенімiн қа­лып­­тас­тыру, құ­қық­тық сауаттылығын жоға­ры­лату сынды маңызды жұмыстар кезең-кезеңімен іске асуда. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар бел­сенді түрде іске асатынына сенімдімін.

13.08.2011

 

Инновациялық экономика құру – жалпыұлттық өрлеу идеясы  

 Қазақстан Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев инновациялық экономика құруды жалпыұлттық өрлеу идеясы ретінде жариялады. Бұл - Тәуелсіз Қазақстанның ең ауқымды экономикалық жобасына айналғалы тұр. Шын мәнінде, жаһандану үдерістері үдей түскен қазіргі заманда инновациялық өрлеу - ұлттың бәсекеге қабілеттілігінің ең басты бір факторы ретінде айқындалуда. Сондықтан Қазақ елі өз өндірісін қарқынды жаңғырту жолына шықты. Осы орайда ел басшылығының тапсырмасымен, еліміздегі зауыттар мен фабрикалар, өндірістер мен кәсіпорындар тек жаңа технологиялармен және заманауи жабдықтармен жарақтандырылып қана қоймай, сондай-ақ «